Келес ауданында биыл қарбыз пісіп, сатылымға шықты. Бозай ауылдық округіне қарасты Тартоғай елді мекенінде «Жүсіпбек» шаруа қожалығы 25 гектарға еккен қарбызын ерте жинауға кірісті. Заманауи агротехнология мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде өнім жылдағыдан бір апта бұрын пісті.
Шаруа қожалық төрағасы Жүсіпбек Әшірбеков тамшылатып суару жүйесін қолдану арқылы су үнемдеп қана қоймай, өнімнің сапасы мен көлемін арттыруға қол жеткізді. Қарбыздардың салмағы орта есеппен 10 келіні құрап отыр. Қазіргі таңда өнім жергілікті нарықта келісін 200 теңгеден саудалауда. Қарбыз жинау науқанына күніне 40-қа жуық азаматты тартып отыр.
Биыл егістік алқапты шегірткеден қорғауда жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау ерекше рөл атқарды. Уақтылы жүргізілген залалсыздандыру жұмыстары мен жүйелі бақылау шараларының арқасында алқап сақталып, мол өнім алуға мүмкіндік тудырды.
— Қауіптің алдын алудағы үйлесімді әрекет пен қолдаудың арқасында бүгінгі нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл Тартоғай жұртының қуанышы, – дейді шаруа.
Айта кетейік, өткен жылы 22 871 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім көлемі 70,1 миллиард теңгеге орындалды. Биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 7,6 миллиард теңгеге жетті. Былтыр 1300 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілсе, биыл тағы 1139 гектарға енгізу жоспарлануда.