Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны Айбек Сарыбаев қазіргі таңда 3 гектарлық жерге анар мен шабдалы өсіріп, бау-бақша шаруашылығын табысты жүргізіп келеді.
2023 жылы оның анар бағы 1,5 тонна өнім берсе, 2025 жылғы жоспар – 4 тонна. Бұл – тынымсыз еңбек пен дұрыс күтімнің, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.
Шаруашылығын дамыту барысында Айбек Сарыбаев әлеуметтік жауапкершілікті де ұмыт қалдырмай, елімізде жүзеге асырылып жатқан маңызды бағдарламалардың бірі – «Күміс жас» жобасына белсене қатысуда.
Аталған жоба Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр. Оның басты мақсаты – 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды еңбекке қайта тартып, оларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету.
Шаруа 2023 жылдан бастап осы жоба аясында зейнеталды жастағы азаматты маусымдық жұмысқа тартып, олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуда. Жобаға қатысушылардың жалақысының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады: бірінші жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60% мөлшерінде. Бұл – жұмыс беруші үшін де, жұмыс іздеуші үшін де тиімді әрі қолайлы мүмкіндік.
Сонымен қатар, бағдарлама аяқталғаннан кейін жұмыс беруші азаматты тұрақты жұмыс орнына қабылдап, оны зейнеткерлік жасқа дейін жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Бұл бағыт ауылды жерлердегі еңбек нарығының тұрақты дамуына оң әсерін тигізіп, аға буын өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.