Жастарды жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» маңызды рөл атқарады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін Кентау қаласының мысалынан көруге болады. Кентау қалалық мансап орталығының атқарған жұмыстарының арқасында 37 жас «Алғашқы жұмыс орны» баңдарламасы арқылы жұмысқа жолданып, бүгінгі таңда тұрақты айлығын алып, өз кәсібін шыңдап келеді.
Бұл жоба 35 жасқа дейінгі жастарды 18 ай мерзімге жұмысқа орналастырып, кейін жұмыс берушінің тұрақты штатқа қабылдауына жол ашады. Бұл – жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне және өз болашақтарын құруға жасалған үлкен мүмкіндік.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланған жастардың бірі – Баделова Жұлдыз. Ол «Разанова» жеке кәсіпкерлігінің сұлулық салонында қызмет атқарып, әйелдерге арналған барлық сұлулық қызметтерін ықыласпен көрсетіп жүр. Жұлдыз өз ісін сүйсініп орындайды. Дипломы болмағанына қарамастан, кентау қалалық «Мансап орталығының» қолдауымен тұрақты жұмысқа орналасып, кәсіби дамуға мүмкіндік алғанына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл жоба оған өзінің әлеуетін ашуға және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік берді.
Жұлдыздың мысалы – мемлекеттік қолдаудың арқасында жастардың өмірлері қалай өзгеретінінің айқын дәлелі. Бұл жоба – жастар үшін алғашқы қадам ғана емес, үлкен болашаққа бастар жол. Осындай бастамалардың арқасында жастардың жұмыспен қамтылуы артып, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жастардың өздеріне деген сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады. Бұл – Қазақстанның болашағы жарқын, білімді және еңбекқор жастардың қолында екендігінің кепілі.
Айта кетейік, «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» – Қазақстанның барлық өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған кешенді мемлекеттік шаралар жиынтығы. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – өңірлердегі жұмыссыздықты азайту, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету.
