Биылғы егін маусымы Кентау қаласының ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды кезеңге айналды. Мемлекет басшысының еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов сала мамандарымен тұрақты кездесіп, егіс науқанының барысын, диқандардың қажеттілігі мен тыңайтқыш, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуін қатаң бақылауда ұстап келеді.
Кентау қаласы бойынша 2026 жылы шаруа қожалықтары жалпы көлемі 2500 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды, оның ішінде 100 гектарға күздік бидай, 210 гектарға жаздық бидай, 100 гектарға жүгері, 25 гектарға бұршақ, 170 гектарға мақсары, 30 гектарға күнбағыс, 760 гектарға көкөніс, 300 гектарға бақша дақылдары, 60 гектарға картоп және 775 гектар алқапқа жоңышқа егілді.
Барлық егілген дақылдар бойынша нақты есептілік қалыптастырылып, статистика басқармасына уақытылы тапсырылуда.
Диқандарды жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда. Бұл туралы Кентау қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ердәулет Сапарбайұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, агроқұрылымдарды жанармаймен қамту толығымен цифрландырылған. Қазіргі таңда Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен тәртіпке сәйкес, шаруалар GosAgro.kz порталы жүйесі арқылы өздерінің ЭЦҚ-сымен өтінім тапсырады. Кентау қаласы бойынша аталған портал арқылы жеңілдетілген бағамен жанармай тарататын арнайы оператор ретінде «МиГ» ЖШС бекітілген. Шаруалар үшін жанар-жағармайдың бір литрі 281 теңге көлемінде белгіленді.
Ағымдағы жылға арналған өтінімдер бойынша көктемгі дала жұмыстарына 88 шаруа қожалығы- 399,7 тонна, ал күзгі дала жұмыстарына 82 шаруа қожалығы 415,6 тонна жанар-жағармайға сұраныс білдірді. Қазіргі кезде жанармай белгіленген оператор арқылы шаруаларға тікелей және ашық түрде таратылып жатыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдау шаралары диқандардың еңбек өнімділігін арттырып, егін шаруашылығындағы көрсеткіштердің оң динамикасын сақтауға мүмкіндік береді.
