Кентау қаласының инвестициялық климатын жақсартуға мүмкіндік мол. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар ашылған. Осыған орай арнайы іс-шара жоспары әзірленіп, әр жоба бойынша сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударылуда.
Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәлімдеуінше, биыл Кентау қаласында 16 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 670 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Қазіргі таңда өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,8 млрд. теңгеге 530 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жоба ашу жоспарлануда. Оның екеуі – арнайы экономикалық аймақта, 2 жоба индустриалды аймақта орналастырылады.
Кентау қаласына қарасты ауылды елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамытуға басымыдық беріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында 5000 бас малды бордақылайтын кешен және мал сою цехы, 5 млрд.теңгеге 25 жұмыс орны ашылатын 1 жоба іске асырылатын болады.
Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлер көп шоғырланған Қарнақ ауылынан Өнеркәсіптік аймақ үшін 10 га жер бөлінді. Қазір мұнда инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жобаларды іріктеу жұмыстары жүргізілуде.