Кентау қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала тұрғындарының жайлылығы үшін жол белгілері жаңартылып, жолдар жөнделіп, бағдаршамдардың үздіксіз жұмысы қадағалануда.
Қалалық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің мәліметінше, жол белгілерін жаңарту ісіне ерекше көңіл бөлінген. «BAXNUR Stroy» мердігерлік ұйымы атқарған жұмыстардың нәтижесінде қала көшелерінде 114 жаңа жол белгісі орнатылды. Бұл – тек техникалық қадам ғана емес, ең алдымен, көлік апаттарының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған маңызды шара. Аталған жұмыстарға келісімшарт аясында 3 миллион 176 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл жалпы көлемі 6 800 шаршы метр болатын жол учаскесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып, қазірдің өзінде оның жартысынан астамы – 3 500 шаршы метрі толығымен ретке келтірілді. Сонымен қатар, жол таңбаларын жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін анық сызу және олардың көрінуін қамтамасыз ету ісіне 20 миллион теңге қаржы бөлініп, бұл жұмыстар биылғы жылдың мамыр айында толық аяқталды. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілердің жолдан өтуін қауіпсіз ете түсті.
Қаладағы 30 бағдаршам нысанының үздіксіз жұмыс істеуі де назардан тыс қалған жоқ. Оларды техникалық талаптарға сай күтіп-ұстау және ақаусыз жұмысын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 12 миллион теңге бөлінді. «Дормаркет» ЖШС мамандары бағдаршамдардың штаттық режимде жұмыс істеуін күнделікті қадағалауда.
Жалпы алғанда, мұндай жұмыстар қаланың келбетін заманауи талаптарға сай өзгертіп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларын азайтуға тікелей әсер етеді. Қала басшылығы алдағы уақытта да жол инфрақұрылымын жаңарту, жаңа көшелерді абаттандыру және көлік қатынасын қолайлы ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру – қала дамуының басты басымдығы болып қала береді.
