КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ: ГРАНТ КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Кентау қаласында 2026 жылға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 62 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланған болатын. Осы жылдың 24 маусымы мен 8 шілдесі аралығында мемлекеттік қайтарымсыз гранттың бірінші легі бойынша құжаттар қабылданып, 74 азамат өтініш беріп, өздерінің бизнес-жобаларын ұсынды. Артынша 14 шілдеде комиссия отырысы өтіп, бірінші лектің қорытындысы бойынша 31 адамның жобасы мақұлданды.

Бүгінгі таңда ел экономикасын нығайтудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе тың бастамаларға қолдау көрсету. Мемлекет басшысы атап өткендей, халықты жұмыспен қамту және өз ісін ашуға жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Осы орайда Кентау қаласында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың тікелей бақылауымен шаһарда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Аталған грант бағдарламасы – жаңа кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың табысын арттыруға және тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беретін маңызды құрал.

Бұл бағдарламаны іске асыру барысы туралы Кентау қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғалымжан Андосов толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, қабылданған құжаттар мен өткен комиссия отырысына мүгедектігі бар азаматтар мен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да белсенді қатысып, өз кәсіптерін бастауға бағытталған озық бизнес-идеяларын сәтті қорғап шықты.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай игі қолдаудың арқасында шағын және орта бизнестің қатары толығып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Мемлекеттік қайтарымсыз гранттың бірінші легіне өтінім беріп, өз бағын сынағандардың бірі – Мақсат Ниязалиев. Ол грант қаражатына заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, ет өнімдерін өндіру кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер бұл бастама арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, тұрғындарды сапалы отандық өніммен қамтуды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар, кентаулық Ләйла Камалова комиссия мүшелері алдында жартылай фабрикаттар дайындайтын цех ашу жобасын сәтті қорғап шықты. Алдағы уақытта бұл жоба толықтай жүзеге асса, кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, өңірдегі отандық өнім көлемін арттыруға зор үлес қоспек.

Осылайша, мемлекеттік грант иегерлері атанған кентаулықтар алдағы уақытта өз істерін дөңгелеуге кірісіп қана қоймай, қаланың экономикалық әлеуетін көтеруге өз үлестерін қосуға дайын. Халықтың кәсіби бастамаларын қолдауға бағытталған мұндай маңызды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар