29/11/2024

ШЫМКЕНТТІК КӨПБАЛАЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АЯСЫНДА ЖАҢА КӘСІП АШТЫ

Шымкент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Раушан Жантөреқызы мемлекеттен осы жылы 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант алып, кептірілген жеміс бизнесін қолға алды. Ол бұл істі өз балаларының денсаулығын жақсарту мақсатында бастаған.
  Раушан дүкен сөрелеріндегі тәттілер мен қытырлақ тағамдардағы химиялық қоспалардың зияндылығын байқаған соң, балаларына табиғи әрі пайдалы өнім ұсыну жолын іздеген.
Раушан Жантөреқызының айтуынша, ол бастапқыда жемістерді күн мен желге кептірген. Алайда мұндай тәсілдің санитарлық талаптарға сай келмейтінін түсінген соң, кәсіби жабдықтар сатып алуды мақсат еткен. Интернеттен жемістерді сақтау үшін химиялық қоспалардың қолданылатыны туралы бейнематериалдар көргеннен кейін, табиғи әрі қауіпсіз өнімдерге сұраныстың жоғары екенін сезініп, бизнес-идеяны дамытуды қолға алады.
– «Балаларым үшін өнімнің қайдан және қалай жасалатыны маңызды. Сол себепті өзім базардан жеміс алып, оларды табиғи жолмен өңдей бастадым. Бірақ үй жағдайындағы кептірудің қиындығын көріп, бизнес-жоба құрып, мемлекеттен қолдау алуды шештім», – дейді Раушан.
Осылайша, Еңбек.кз порталы арқылы грантқа өтінім беріп, комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған. Алған қаржыға 48 сөрелік кептіру құрылғысын сатып алып, отбасылық бизнесін бастаған.
Қазір Раушанның өнімдері әлеуметтік желілер арқылы сатылуда. Табиғи кептірілген жемістер мен чипстер тек балаларға арналған дәмді тағам ғана емес, ересектер арасында иммунитетті нығайтатын дәруменді шәй ретінде танымал болып отыр.
– «Балаларға арналған табиғи чипстер, ал үлкендерге дәруменге бай шәй ретінде өнімдерімізге сұраныс өте жоғары. Бұл тек бизнес қана емес, отбасылық тәрбиенің де негізі: балаларым жұмысыма көмектесіп, еңбектің берекесін сезініп жатыр», – дейді кәсіпкер ана.
Раушан Жантөреқызы мемлекеттің қайтарымсыз гранты арқылы бизнесін бастағаны үшін ризашылығын білдірді. Ол өзінің тәжірибесі арқылы басқа да көпбалалы аналарды, жаңа идеяларды іске асыруға ынталандырып отыр.
– «Қайтарымсыз қаржы арқылы өз арманымды жүзеге асырдым. Осындай мүмкіндіктерді берген мемлекетімізге алғысым шексіз», – дейді ол.
Раушанның бастамасы – тек отбасылық бизнес қана емес, сонымен қатар табиғи өнімдерге деген сұраныстың артуының айқын көрінісі. Мұндай жобалар экологиялық таза тағамдар нарығын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамға пайдалы әрі сапалы өнім ұсынады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар