Егер сіз кредит алуға бел бусаңыз, оны ресімдеу және қаржы ұйымдарымен іс-әрекеттесудің негізгі қағидаларынан басқа, оның сомасы жөнінде де ойлану қажет. Fingramota.kz сайты осы мәселеге кеңінен тоқталды.
Кірісіңіз жоғары және кредиттік тарихыңыз тамаша болғанның өзінде де кредитті өзіңіз қалаған, кез келген сомаға ала алмайсыз. 16 тамыздан бастап кредиттерге белгілі бір шектеулер қойылады.
Айтпақшы, кез-келген соманы алуға болады. Алайда, оны тек банктен және кепілмен ала аласыз. Жаңа қағидаларға сәйкес кепілді банктік қарыздар бойынша шектеулер болмайды және кредиттің мөлшері сіз банкке ұсынатын кепілдің құнына ғана байланысты болады.
Ал кепілсіз қарыздар бойынша шектеулер нақты белгіленген – 2200 АЕК, ол 2024 жылы 8 122 400 теңгені құрайды. Одан көп сома беруге банктің құқығы жоқ.
Микроқаржы ұйымдарында шектеулер бұдан да қатал. Кепілсіз микрокредиттің ең жоғары сомасы банкке қарағанда екі есе аз – 1100 АЕК немесе 4 061 200 теңге. Кепілді микрокредиттерге де шектеулер бар.
Ломбард кепілмен 8 000 АЕК-ке дейін немесе 29 536 000 теңге бере алады. Ал МҚҰ 20 000 АЕК-ке дейін немесе 73 840 000 теңге.
Бұл ретте, мұндай ірі микрокредиттер негізінен бизнесті дамытуға берілетінін атап өтеміз, ал кепілзатқа кәсіпкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлігі қойылады.