Тәуелсіздік жылнамасына алтын әріппен жазылатын тарихи белестердің әрқайсысы қоғамды жаңғыртуға, мемлекеттілікті нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осындай ел өміріндегі айтулы кезеңнің бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуі. Осыған орай Қазығұрт аудандық Мәдениет сарайында мемлекеттік маңызы бар жаңа Ата заңның қабылдануын және бірқатар маңызды мерекелерді ұштастырған салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және қазығұрттық тұрғындар қатысып, елдік маңызы бар оқиғаның куәсі болды.
Салтанатты шарада сөз алған Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жаңа Конституцияның елдің қоғамдық-саяси дамуындағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы және құқықтық мемлекет құру жолындағы тарихи маңызына жан-жақты тоқталды. Мемлекеттің жаңа келбетін айқындайтын бұл құжат қоғамдағы әділдік пен теңдіктің кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі жиылған қауымды шілде айының басында атап өтілетін Ұлттық домбыра күні және Астана күні мерекелерімен шын жүректен құттықтап, мемлекеттің өркендеуі мен халықтың бірлігі жолындағы ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекелік шараның мазмұнын байыта түскен тағы бір маңызды сәт – отбасы институтын нығайту, өнегелі отбасылардың үлгісін дәріптеу және ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2026» республикалық байқауының аудандық кезеңіне қатысқан үлгілі отбасыларды марапаттау рәсімі болды. Шаңырақтың берекесін арттырып отырған қадірлі отбасыларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, ел алдында құрмет көрсетілді. Бұл бастама қоғамдағы отбасы құндылықтарының рөлін арттырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету жолындағы игі істердің жалғасы екенін көрсетті.
Жиын барысында сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Тайбек Қалымбетов пен «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев жаңа Конституцияның ел болашағы үшін стратегеиялық маңызына тоқталды. Олар қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, әрбір азаматтың жауапкершілігін арттыру және мемлекеттің тұрақты дамуын сақтау жолында Ата заңның алар орны ерекше екенін айтып, өз ойларымен бөлісті. Ардагерлер мен халық қалаулыларының баталы сөздері мен пайымды пікірлері жиналғандарға ерекше рух сыйлады.
Шараның соңы нағыз өнер мен мерекелік көңіл күйге ұласып, жиналған қауымға ұмытылмас әсер қалдырды. Мерекелік жиын аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының дайындаған мазмұнды концерттік бағдарламасымен жалғасты. Осы тұста аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары ел бірлігін паш еткен мерекелік кештің шырайын кіргізіп, өздерінің жоғары кәсіби деңгейін көрсете білді. Сахна төрінде шырқалған асқақ рухты патроттық әндер мен ұлттық нақышта шебер орындалған көркем билер көрермендердің жүрегіне жол тауып, ерекше шабыт сыйлады. Мәдениет сарайының ұжымы әрбір қойылым арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге деген адалдық пен патриотизмді дәріптей білді. Өнерпаздардың бұл еңбегі мен табанды шығармашылық ізденістері аудандағы рухани өмірдің қайнап жатқанын, халықтың мәдени игіліктерге деген сұранысы мен ықыласының жоғары екенін айқын дәлелдеді. Мерекелік концерттің жоғары деңгейде өтуіне сүбелі үлес қосқан мәдениет қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жиналғандардың ыстық ықыласына бөленіп, қазығұрттықтардың көтеріңкі көңіл күйімен қорытындыланды.
