МӘСЛИХАТ: ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ БЮДЖЕТТІ ИГЕРУ ЖӘНЕ АЛДАҒЫ ЖОСПАРЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан қалалық мәслихатының мәжіліс залында әкімшілік-аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салалары, депутаттық өкілдік пен этика, сондай-ақ ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету жөніндегі тұрақты комиссияның маңызды отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Мади Аманжол басқарды.

Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды: 2025 жылғы қалалық бюджеттің игерілу барысы және 2026–2028 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы. Бұл маңызды тақырыптар бойынша қалалық экономика және қаржы саласына жауапты А.Бекбол толыққанды баяндама жасап, салалық бөлім басшылары қосымша ақпараттармен бөлісті.

Отырыс барысында жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары саласындағы бөлінген қаражаттың игерілуі, жол жөндеу жұмыстарының қазіргі жағдайы, сондай-ақ қоғамдық көлік қызметін одан әрі жетілдіру шаралары жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігі мен халықтың қажеттіліктеріне сай болуына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер де қаралды. Инженерлік желілерді жаңғырту, қала аумағын абаттандыру жұмыстары, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қызмет сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Комиссия мүшелері бюджеттік қаражатты тиімді әрі мақсатты пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, анықталған кемшіліктерді жою және алдағы жылдарға жоспарланған жобалардың басым бағыттары бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Депутаттар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін жобаларды қолдауға және олардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге баса назар аударды.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, тиісті ұсынымдар қабылданды. Бұл шешімдер Түркістан қаласының дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар