МАҚТА ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ: 10 ІРІ ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан – республикада мақта өсіретін жалғыз облыс. Өткен жылы 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан, оның өнімділігі де төмен болып отыр. Осыған орай өңірде мақта шаруашылығын дамыту және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі стратегиясы жасалған. Стратегияда 4 басым бағытты іске асыру қарастырылған. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқым шаруашылығы, жаңа агротехнологияларды енгізу және мақта-тоқыма кластерін дамыту. 

Осыған орай Түркістан облысында енді суды үнемдеудің заманауи технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластері аясында жалпы құны 197 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру көзделуде. Онда 7 мың жұмыс орны ашылады деп көзделуде.

Жоба шеңберінде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды. Оның ішінде, 4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрика мен 2 тамшылатып суғару өндірісі бар.

Бүгінде тамшылатын суғарудың ПВХ құбырын шығаратын бір зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылған. Сондай-ақ, биыл Отырар ауданында қос мақта өңдеу зауыты мен тамшылатып суғару өндірісі іске асады. Мақта өңдеу зауыттарын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» ӘКК» АҚ бірлесе жүзеге жүзеге асыруда. Қазіргі таңда инвестордың есебінен электр желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылып, мақта егілген.

Одан бөлек, Түркістан қаласында 2 тоқыма фабрикасы ашылмақ. Жобалар толық іске асқан жағдайда су 3-4 есе үнемделеді. Сонымен қатар, мақта өнімділігі екі есе артып, дайын тоқыма өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, биыл «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен 3 мақта өңдеу зауыттарын салу жобасы қолға алынды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар