«МАЙТӨБЕ СҮТ» ЦЕХЫ ӨНІМ КӨЛЕМІН ҮШ ЕСЕГЕ ҰЛҒАЙТПАҚ

Өткен жылы Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында  «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен  ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы кезге дейін тәулігіне 1 тонна сүтті өндеп, түрлі өнім шығарып келген-ді. Бүгінде халықтың көңілінен шыққан, сапалы әрі дәмді өнімдері сұранысқа ие цех енді өнім көлемін 3 есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүт өңдемек.

Бүгін аталған нысанға аудан әкімі Аскар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар арнайы барып, кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты.

Бұл жерде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, брынза, құрт өнімдері өндіріліп, «Майтөбе сүт» деген брендпен сауда қатарларына шығарылуда.

Мемлекет басшысының елі­мізде халықтың табысын арттыру жөнінде берген тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нәтижелі жүзеге асырылып келеді.

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді», – деген болатын  Президент «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқан кәсіпкер Бақытжан Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда ғимаратты толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн. 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн. теңгесі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен бөлінген.

Бүгінгі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын ұлғайтуды көздеп отыр.

Аталмыш өндірістік кооперативін бүгінге дейін қайта жабдықтау жұмыстарына 80 млн. теңге жұмсалған.

Ауыл тұрғындары бүгінде тұрмыс-тіршілікке қажеттіні іздеп алысқа бармайтын болған. Наубайхана, ет-сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар әр ауылда дерлік бар. Қысқасы, дастарқанға қояр дәм-тұз өз бау-бақшасы мен қора-жайынан немесе ауылдасынан табылады, артылғанын қалаларға апарып саудалайтындар да аз емес. Құрылысқа қажетті материалдарды шығарушылар да баршылық. Ауылдағылар мұндай мүмкіндікті «Ауыл аманаты» бағдарламасымен байланыстырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар