26/11/2024

«МАҢДАЙ ТЕРМЕН КЕЛГЕН ТАБЫС БЕРЕКЕЛІ БОЛАДЫ»

Еңбек күні — ел дамуына үлес қосып келе жатқан қарапайым еңбекқор жандарды ұлықтайтын мереке. Президент те биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді. Ал, бұл бастаманың еңбек адамының беделін көтеруге серпін беретіні анық. Әр салада кәсібилік танытып жүрген жандар жетерлік. Осындай кәсіби маманның бірі – Мария НҰРЫМБЕТОВА.

Мария – хоббиін кәсіпке айналдырған тігінші. Алғашында үйде балаларының керек-жарағын тігіп жүрген жан бүгінде белгілі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы көп салалы тігін фабрикасында шебер тігінші. Оның айтуынша, кез келген келіншектің ине ұстауға қабілеті болады, бастысы оны ары қарай дамытуға қызығушылық пен ынта-жігер қажет.

– Тігін тігуге кішкентай кезімнен ебім бар, үйде отырып тігетінмін. Кейінірек осы фабрикаға келіп тігінші болып жұмысқа орналастым. Үш жыл болды.  Бұл жерде түрлі-түрлі нәрсе тігесің, өзіме машина тігу ұнайды.
Адал еңбек, маңдай термен келген табыс берекелі болады. Ұл-қызың да үлгі алып, жастайынан еңбекке . Тіпті бүгінде ортаңа еңбегіңмен ғана сыйлысың дейді, – біздің кейіпкер. – Қыз-келіншектердің тігін тіге білгені дұрыс қой. Білгені өздеріне жақсы, бала-шағасына, ұрпағына үйретеді. Анасының қолынан шыққан киімді бала-шаға үшін де қадірлі.  Апамыз тігіп берді деп мәз болып киеді. Тек ерінбей жұмыс істесе, барлық жерде жұмыс бар. Өзінің мамандығын сүйіп істесе, сол кезде нәтиже жақсы болады.

Мамандықтардың ішінде шығармашылыққа жақын тігіншілік – нағыз өнер. Осындай өнерді бала кезінен меңгеріп, бүгінде мықты ті­гінші атанған Мария Нұрымбетова бүгінде  өз ісінің шеберіне айналды. Ол күні-түні көз майын тауысып, ерінбей, жалықпай өзіне ұнайтын іспен айналысып келе жатыр. Ине мен жіптің көмегімен, шебер қолдарымен жай матадан керемет киім-кешек шығарғанда тігіншінің талантына еріксіз таңданасың.

Мария мен фабрикадағы қыз-келіншектердің қолынан шығатын балалар киімдері мен ерлердің жеңсіз жейдесі сұранысқа ие. Отандық өнім сапалы әрі қолжетімді бағада болғандықтан бәсекеге қабілетті.

Көпсалалы тігін фабрикасының технологы Жұлдызай Көшекбаеваның Мария туралы пікірі өте жоғары.

— Мария — ұжымдағы ең жоғары санаттағы тігінші. Тігін машиналарының түрлерін, тігін түрлерін жақсы біледі. Кез келген уақытта өзі алып кете алады.  Матаны Өзбекстан мен Түркиядан алдыртамыз. Біз құрамында синтетика бар материалдарды қолданбаймыз. Қазір біз ерлер майкасын, ерлер іш киімін тігіп жатырмыз. Күнделікті 1000-2000 данаға дейін дайын өнім шығады.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы тігін фабрикасында 20-дан астам адам еңбек етеді. Олардың шығарып жатқан отандық өнімі Шымкенттен өзге де қалаларға экспортталады. Өнім көлемін арттыру мақсатында жеңіл өнеркәсіп мамандарын, тігінге қызығатын қыз-келіншектерді жұмысқа шақырып отыр.

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар