Мемлекет басшысы өзінің әрбір Жолдауы мен маңызды жиындарда қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігіне ерекше тоқталып, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстану әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтеді. Кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» таныту — ел дамуының негізгі шарты. Осы бағытта Мақтаарал ауданы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік ағынын реттеу және қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, жергілікті полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен әр аптаның жұма және сенбі күндері арнайы профилактикалық рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Демалыс күндері қарсаңында жол белсенділігі артатындықтан, тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Рейд барысында полиция қызметкерлері жүргізушілермен және жаяу жүргіншілермен бетпе-бет кездесіп, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салады.
Шара аясында жолдағы мәдениетті қалыптастыру, қауіпсіздік белдігін міндетті түрде пайдалану, белгіленген жылдамдық режимін бұзбау, мас күйінде рульге отырмау және өзге де техникалық талаптарды мүлтіксіз орындау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Тәртіп сақшылары заңды білу ғана емес, оны іс жүзінде орындау әрбір адамның өмірін сақтап қалатынын алға тартады.
Мұндай жүйелі әрі ауқымды профилактикалық шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жүргізушілердің құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігін арттыруға тікелей бағытталған. Әрбір азаматтың жол ережесіне құрметпен қарауы — мемлекетіміздің тұрақтылығы мен әр отбасының амандығының кепілі. Атқарылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы, өз кезегінде, елімізде бейбіт, баянды және қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды әрі батыл қадам болып табылады.
