Мақтаарал ауданының прокуроры Амангелді Нақыпбеков «Инвест Керуен» жобасы аясында аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторлармен арнайы кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және олардың заңды мүдделерін қорғау.
Кездесу барысында аудан прокуроры инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысып, өндірістік нысандарды аралады. Жиын аясында инвесторлардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кездесіп отырған өзекті мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Сондай-ақ, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар түсіндірілді.
Мемлекет басшысы қоғамда және экономикалық қатынастарда «Заң мен тәртіп» қағидатын берік орнықтыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап берген болатын. Бұл ұстаным кәсіпкерлік пен инвестиция саласында да негізгі темірқазық болып табылады. Осы орайда, аудандағы инвестициялық ахуалды жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлердің құқықтарын заң аясында шешу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша инвесторлар тарапынан көтерілген әрбір мәселе прокуратураның жіті бақылауына алынды. Оларды заң шеңберінде жедел әрі тиімді шешу бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Прокуратура органдары алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу, инвесторлардың құқықтарын қорғау және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.
