Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және олардың қоғамға толыққанды бейімделуі үшін жағдай жасау мәселелерін әрдайым басты назарда ұстайды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде Мақтаарал ауданы прокуратурасының үйлестіруімен Мансап орталығында маңызды әлеуметтік шара ұйымдастырылды. Бұл жолғы басқосу пробация есебіндегі азаматтар мен борышкерлердің жұмысқа орналасып, өмірлік қиындықтарын еңсеруіне бағытталды.
Іс-шара барысында қатысушыларға өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелерден бос жұмыс орындары ұсынылып, еңбек нарығындағы сұраныс пен мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жұмысқа орналасудың заңнамалық тәртібін баяндап қана қоймай, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары мен субсидияланатын жұмыс орындары туралы кең мағлұмат берді.
Мұндай жәрмеңкенің басты мақсаты – азаматтардың тұрақты табыс табуына жәрдемдесу, олардың қоғамға тезірек бейімделуіне ықпал ету және әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешуге қолдау көрсету болып табылады. Құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы құрылымдардың бірлескен бұл бастамасы тұрмыстық және әлеуметтік қиындықтарға тап болған азаматтардың дұрыс жол тауып, адал еңбек етуіне үлкен мүмкіндік ашады.
