МЕКТЕПТЕРГЕ 10 МЫҢНАН АСТАМ БЕЙНЕКАМЕРА ОРНАТЫЛАДЫ

Шымкентте білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында білім басқармасына қарасты мектептерге аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылмақ. Осы ауқымды жобаның артықшылықтары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.  

Ресми өкілдің түсіндіруінше, аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жобасын іске асырушы компания жыл соңына дейін шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға тиіс. Жалпы 5,5 млрд теңге үш жылға бөлініп, сервистік қызмет негізінде ай сайын төленеді.

«Бұл соманы Шымкент қаласы мәслихаты бекітіп, биылғы жылғы қаржысы қарастырылған. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша клмпания төртінші жылда тегін қызмет көрсетеді, одан бөлек  бес жылға кепілдік береді»,- деді ресми өкіл.

Жоба аясында жалпы саны 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал қазіргі таңда мектептерде тұрған бейнекамералардың 2600-і – ескі, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін аналогтық жүйелер. Аталған камералар толықтай жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығуға бейімделеді.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, камера орнату кезінде жеке тұлғалардың құқығы да ескеріледі. Мәселен, дәретханаларға камера орнатылмайды, өйткені бұл адамның жеке кеңістігіне қол сұғу болып саналады. Ал оқу кабинеттері – қоғамдық кеңістік, онда оқу процесі өтетіндіктен бақылау камераларымен жабдықталуы жеке басқа қолуға сұғуға жатпайды.

Айта кетейік, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктіріледі. Бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтінін болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар