МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫМЕН ТЕХНИКА АЛЫП, АУЫЛДАСТАРЫНА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП ЖҮР

Сайрам – өңіріміздегі ең ауыл шаруашылығы дамыған, кәсіпкерлікке ден қойған аудан. Әлеуеті өте жоғары. Өңірде шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтар саны жыл сайын артуда. Басым көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен ісін бастап жатыр. Кәсіп ашамын, кәсібімді одан әрі кеңейтемін деген азаматтарға әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетілуде.

Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған жандардың бірі – Көлкент ауылының тұрғыны, 3-ші топтағы мүгедектігі бар азамат Акмалжан АХМАТАЛИЕВ. Ол өткен жылы Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында берілетін қайтарымсыз грант конкурсына бизнес-жобасы ұсынып, грант жеңімпаздарының бірі атанады.

Акмалжан қайтарымсыз грант қаржысына ауыл шаруашылығы техникасын алған. Бүгінде ол сол техникасымен ауылдастарының жерін жыртып, шөбін орып табыс тауып, отбасын асырап жүр.

«Мемлекеттік бағдарлама — әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған керемет мүмкіндік. Әсіресе қайтарымсыз грант — кәсіп ашуға талаптанып, бірақ, қаржының жоқтығы қолын байлап отырғандарға мен сияқты жандар үшін үлкен көмек. Қиын кезде қолтықтан демейтін мемлекеттік бағдарлама, курстар барын айтып, хабардар еткен Сайрам ауданы «Мансап» орталығының қызметкерлеріне, кәсіпкерлік негіздерін оқытқан бизнес-тренерлерге алғыс айтамын», — дейді әңгіме арасында ризашылығын білдірген Акмалжан Ахматалиев.

Мүгедек жандардың кез-келген кәсіп түрімен айналысуға мүмкіндігі шектеулі. Ал қолынан келген істі жасау – олар үшін үлкен ерлікпен пара-пар. Акмалжан бала кезден техникаға жақын болып өскен соң, қазіргі істеп жүрген жұмысынан жаны рахаттанады.

– Адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектік кедергі бола алмайды. Алдыға мақсат қойсаң жеткілікті. Менің ақыл-есім дұрыс. Көзім көреді, құлағым естиді, сөйлей аламын. Осыдан артық не керек? Көшеде қайыр сұрап жүргендердің арасынан мүгедекті де, дені сау адамды да кездестіруге болады. Ондай адамдардың өздерінде ынта-жігері жоқ, – дейді ол.

Акмалжан осы жетістігімен тоқтап қалғысы келмейді. Алдағы уақытта бұл кәсібін ұлғайтып, қосымша техникалар алуды қалайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар