МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҰЛҒАЙТҚАН

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға үлкен мүмкіндік берді. Осындай мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көргендердің бірі  – Кентау қаласының Байылдыр ауылында тұратын Қанай отбасы. Бұл отбасы аталған бағдарлама аясында 2.5%-бен 7 миллион теңге несие алып, мал басын көбейткен.

– Алған несиемізге  2023 жылы 100 қой алып, өткен жылы одан 100-ге жуық төл алдық. Ұрғашы қозыларды алып қалып, еркек қозыларды бордақыға байлап сатып, несиеміздің пайызын жаптық. Биылғы төлдеу науқаны да көңілімізден шығып жатыр, – дейді үйдің отанасы Айгүл Қанай.

Бұған дейін де мал шаруашылықпен айналысып келген отбасы бұдан бөлек сүттен түрлі өнімдер жасап сатады. Ерекше әдіспен әзірленетін ірімшік, дәмді сары май, құрт, сүт, айран дайындайды.

Айгүл Аязбекқызының  күнделікті өз  қажеттіліктері үшін жасап жүрген шаруасының бүгінде өрісі ұлғайып, оның өнімдеріне сұраныс артқан. Қазіргі таңда балаларымен бірге осы кәсіпті әрмен қарай дамытып, немерелеріне үйретіп жүр.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер ауылға сыйлы, үлкенге құрметті, кішіге ізетті жандар. Әулеттің ынтымағы мен бірлігін артырып отырған ерлі-зайыптының отандасқанына 40 жылдан асқан. Олар ауылда жұмыс жоқ демей, мал шаруашылығын дамытып, табыс тауып отыр.

Қанаевтар отбасы бұл ата кәсіпті осыдан 15 жыл бұрын бастаған. Олар шаруашылығында сиыр, қой, ешкі секілді  мал ұстайды.

Айта кетейік, бұл бағдарлама Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған. Аталған бастама «AMANAT» партиясының үйлестіруімен жүзеге асырылады.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі.

Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар