МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР МЕН БАҚ: ТҮРКІСТАНДА АҚПАРАТТЫҚ КОММУНИКАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылына арналған семинар өтті. Жиында мемлекеттік коммуникацияның құқықтық негіздері, ақпаратқа қол жеткізу, журналистермен жұмыс және ақпараттық дағдарыс кезіндегі әрекет ету мәселелері талқыланды.

«Мемлекеттік коммуникация: масс-медиамен өзара іс-қимылдың құқықтық негіздері» тақырыбындағы басқосуға облыстық басқарма басшылары, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері мен баспасөз хатшылары қатысты.

Семинарда сөз сөйлеген Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева мемлекеттік органдар қызметіндегі ашықтықтың, қоғаммен тиімді байланыс орнатудың және ақпаратты сауатты жеткізудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің коммуникациялық сауаттылығы мен кәсіби әдебін жетілдіру қажеттігіне тоқталды.

Ал медиасарапшы, журналист Алмат Садуақас мемлекеттік орган басшыларының кәсіби әдеп нормалары, ақпаратқа қол жеткізудің құқықтық тетіктері, журналистердің тосын сауалдарына жауап беру тәртібі және ақпараттық дағдарыс жағдайында әрекет ету алгоритмдері туралы баяндама жасады.

Жиын барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан жауап алды.

Семинардың екінші бөлімінде кәсіби мобилограф, фото және бейнеконтент әзірлеу маманы Гүлшат Қырқынбай баспасөз хатшыларына бейнематериал дайындау бойынша дәріс оқыды.

Қатысушылар ақпараттық контент сапасын арттыру, мемлекеттік органдардың қоғаммен тиімді коммуникация орнатуы және ақпараттық кеңістікте жауапты ұстаным қалыптастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар