МОБИЛЬДІ АУДАРЫМ: ЕНДІ КІМ ТЕКСЕРІЛЕДІ?

10 қарашадан бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын бақылаудың жаңа өлшемшарттары күшіне енді. Енді үш ай қатарынан әр айда 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша қабылдап, осы кезеңдегі жалпы түсімі 360 АЕК-тен (2026 жылы 1 557 000 теңге) асқан азаматтардың банк операциялары салық органдарының назарына ілігуі мүмкін. Билік мұны көлеңкелі кәсіпкерлікпен күресудің бір тетігі деп түсіндіреді. Алайда жаңа талап қарапайым халық пен шағын кәсіп иелеріне қалай әсер етеді?

Бүгінде ақша аудару – күнделікті өмірдің үйреншікті әрекеті. Біреу қарызын қайтарады, енді бірі туысына көмектеседі, ата-аналар ортақ қажеттілікке ақша жинайды. Ал үйден сауда жасайтындар тауар ақысын мобильді аударым арқылы қабылдайды.

Енді мұндай операциялардың сипатына салық органдары да назар аударады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 23 қазандағы №718 бұйрығына сәйкес, бақылауға негіз болатын шекті сома 360 АЕК болып белгіленді. Бірақ бұл талап тек ақша көлеміне ғана байланысты емес. Азаматтың жеке шотына үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп түрлі адамнан ақша түсуі де шарт.

Демек, аталған екі талап қатар орындалғанда ғана банк мәліметтері салық органдарына берілуі мүмкін. Бұл автоматты түрде салық салынады немесе заң бұзушылық анықталды деген сөз емес.

Кәсіпкерлік пен жеке аударымның арасы қайда?

Соңғы жылдары әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау, үйден қызмет көрсету кеңейді. Көптеген азамат Instagram мен WhatsApp арқылы тауар сатып, тапсырыс қабылдайды. Олардың бір бөлігі кәсіпкерлік қызметін ресми тіркемей, жеке банк шотын пайдаланады.

Бір жағынан, салық төлеп отырған кәсіпкерлер үшін мұндай жағдай әділ бәсекеге қайшы. Сондықтан көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтау – мемлекеттің заңды міндеті.

Екінші жағынан, жеке шотқа түскен әрбір ақшаны кәсіпкерлік табыс деп қарастыруға болмайды.

Мәселен, азаматтың шотына туыстары көмектесу үшін, қайырымдылық мақсатында немесе ортақ отбасылық шығындарға ақша аударуы мүмкін. Туған күнге берілген сыйлық, қарызды қайтару да кәсіпкерлік табыс саналмайды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, мұндай жеке сипаттағы аударымдарға салық салынбайды. Сондықтан аударым саны мен сомасынан бөлек, оның нақты мақсаты да ескерілуі тиіс.

Үйден сауда жасайтындар не білуі керек?

Жаңа тәртіп әсіресе шағын кәсіп иелеріне қатысты маңызды. Шымкентте де үйден отырып киім-кешек, косметика, зергерлік бұйымдар мен басқа да тауар сататын азаматтар аз емес.

Олардың кейбірі тауарды көтерме бағамен сатып алып, әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, төлемді жеке шотына қабылдайды.

Бұл жерде бір нәрсені нақты түсіну қажет: 1 миллион 557 мың теңге – кәсіпкерлікпен айналысуға берілген салықсыз шек емес. Бұл – банк мәліметтерін салық органдарына беруге негіз болатын бақылау өлшемшарты.

Яғни кәсіпкерлік қызметтен табыс тауып жүрген азаматтың салықтық міндеттемесі осы межеден төмен болғаны үшін жойылмайды. Кәсіпкер өз қызметін заңдастырып, кәсіпкерлік шот пен төлем қабылдаудың белгіленген тәртібін сақтауы керек.

Алайда мемлекет шағын кәсіптің мүмкіндігі мен жағдайын да ескергені жөн. Өйткені ірі сауда желісі мен үйден тапсырыс қабылдайтын азаматтың қаржылық және әкімшілік мүмкіндігі бірдей емес.

Салық органдарынан хабарлама келсе ше?

Бақылау өлшемшарттарына сәйкес келу азаматтың автоматты түрде заң бұзғанын білдірмейді.

Егер банк мәліметтері салық органдарына жолданып, операциялар бойынша күмән туындаса, азаматқа түсініктеме беру мүмкіндігі ұсынылады. Ол қаражаттың қандай мақсатта түскенін түсіндіріп, қажет болған жағдайда растайтын құжаттарды ұсына алады.

Мұндай хабарламаны орындау мерзімі – тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап 30 жұмыс күні. Түсініктемені салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы электронды түрде жіберуге болады.

Дегенмен алгоритм ақша аударымын анықтағанымен, оның артында қандай өмірлік жағдай тұрғанын бірден біле алмайды. Сондықтан азаматтардың түсініктемесін әділ қарау, ұсынылған дәлелдерді ескеру және қате қорытындыға жол бермеу маңызды.

Бақылау мен сенім қатар жүруі керек

Мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік табысты жасыруға жол бермеу және салық жүйесіндегі әділдікті қамтамасыз ету. Бірақ бұл үдерісте азаматтардың жеке қаржылық операциялары мен құқықтары да қорғалуы тиіс.

Банктер мен салық органдары қандай мәліметтерді пайдаланатынын, күмәнді операцияларды қалай анықтайтынын және азаматтардың шағымдарын қалай қарайтынын ашық түсіндіруі қажет.

Өйткені салық төлеуден жалтарған кәсіпкер жауапкершіліктен тыс қалмауы керек. Бірақ туысына көмектескен, қарызын қайтарған немесе ортақ іске ақша жинаған азамат та өзін заң бұзушыдай сезінбеуі тиіс.

Мәселе мобильді аударымның көлемінде ғана емес, оның қандай мақсатта жасалғанында. Мемлекет осы айырмашылықты дұрыс ажырата алса ғана жаңа бақылау тәртібі қоғам сеніміне ие болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар