26/11/2024

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМНЫҢ ЖҰМЫС ОРНЫ СТАНДАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Елімізде «Мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы бар. Осыған орай ерекше жандарға арнайы жұмыс орнын ұйымдастыруға қойылатын талаптар бар. Narkesken.kz  сайты тілшісінің мүгедектігі бар адамның жұмыс орны стандарттары қандай болуы керек деген сұрағына Шымкент қаласындағы  «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлия БАЙЗАҚҚЫЗЫ жауап береді.

Мүгедектігі бар адамдар – тыныс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне алып келетін, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, бұзылуларына байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам. Сондықтан елімізде

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы бұйрығымен  мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс орнын ұйымдастырудың арнайы стандарттары қабылданған.

Сол бойынша кез келген ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік стандарттары қарастырылуы қажет. Міндетті түрде пандус, лифт, тактильді тақта болуы керек. Кез келген ғимарат иесі осы шарттарды қамтамасыз етуі керек.

«Мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары» бағдарламасы бар. Жұмыс беруші мүгедекті жұмысқа қабылдағалы жатқанда, ол үшін арнайы жұмыс орнын ұйымдастыра алады. Мүгедектер арбасына бейімделетін эргономикалық үстелді, осы қызметкерге ғана жарамды жабдықты, Брайль пернетақтасы бар компьютерді және Брайль әрпімен басып шығаруға арналған принтерді сатып ала алады.

Сондай-ақ арбамен жүруге қанша орын белгіленуі керегін анықтайтын стандарттар бар. Жұмыс беруші қажет құрал-жабдықты сатып алғанын растайтын құжаттарды көрсетеді, бағдарлама бойынша оған жұмсалған ақша өтеледі. Бірақ мүгедектігі бар адам сол ұйымда бір жыл жұмыс істеуі керек. Егер ол жұмыстан шықса, бағларлама бойынша бос жұмыс орнына басқа кандидат ұсынылады.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектерге аптасына ұзақтығы 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді, жыл сайын қосымша ақы төленетін еңбек демалысы ұзақтағы кемінде алты күнтізбелік күнге беріледі. Түнгі уақыттағы жұмысқа мүгедектің келісімімен және денсаулығына байланысты мұндай жұмысқа тыйым салынбаған жағдайда жол беріледі.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мүгедектік кезеңі бар зейнетақы аударымдардан мерзімсіз босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын төлеу мүгедектігі бар адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Ұзақтығы кемінде күнтізбелік 6 күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi.  Түнгі уақыттағы жұмысқа тек мүгедектік бойынша келісімімен, оның денсаулығына мұндай режим тыйым салынбаған жағдайда жіберіледі.

Еңбек келісімшартын жасаудан және қызметін өсіруден бас тарту, басқа жұмысқа ауыстыру тек мүгедектің келісімен жүзеге асуға тиіс. Егер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы облыстағы өкілетті органның аймақтық бөлімшелерінің қорытындысы бойынша оның денсаулығы кәсіби міндеттерді атқаруға келмесе, денсаулығына қауіп келсе және өзге тұлғалардың еңбек қауіпсіздігіне қайшы келсе жоғарыда аталған шаралар керісінше іске асады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар