Жақсы, қолайлы жұмыс табу қай кез болса да, оңай мәселе емес. Әсіресе, мүгедектігі бар адамдарда бұл қиынға соғады. Елімізде оларға жұмыс табудың бірқатар жолдары ұсынылады. Мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс табудың жолдары туралы Narkesken.kz сайтының тілшісіне Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының директоры Ерсұлтан ӘМЗЕЕВ айтып берді.
– Мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс табудың ең қарапайым жолының бірі – электронды еңбек биржасынан – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz сайтынан бос жұмыс орындарын іздеу. Электронды еңбек биржасы – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің басын қосатын бірыңғай цифрлық экожүйе. Ол жұмыс іздеушінің әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген өтініш берушіні жұмысқа орналасуға көмектесу үшін құрылған. Онда біліктілігі жоқ қарапайым жұмысшыдан бастап, қатардағы маман, жоғары жалақы төленетін басшылық қызметке дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Цифрлы экожүйе азаматтарды мамандық таңдаудан бастап жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдеуге дейін сүйемелдеп келеді, – дейді Ерсұлтан ӘМЗЕЕВ.
Оның айтуынша, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары туралы ақпаратты міндетті түрде жұмыспен қамту орталығына жіберуі бірқатар артықшылықтарға ие.
Біріншіден, қаладағы, облыстағы және жалпы республика бойынша қолжетімді бос жұмыс орындарының бірыңғай дерекқорын құруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыссыз азаматтардың жұмыс іздеуін айтарлықтай жеңілдетеді, өйткені олар жұмыспен қамту орталығына хабарласып, кәсіби дағдылары мен талаптарына сәйкес келетін түрлі бос жұмыс орындары туралы ақпарат ала алады.
Екіншіден, мұндай ақпарат алмасу жүйесі еңбек нарығының тиімдірек жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жұмыс берушілер жұмысқа көбірек үміткерлерді алады, бұл дұрыс қызметкерді табу мүмкіндігін арттырады. Өз кезегінде, жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына және әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына көбірек мүмкіндіктер пайда болады.
Сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы ақпаратты жұмыспен қамту орталығына міндетті түрде жолдау ресурстарды тиімді пайдалануға және бос орындардың қайталануының алдын алуға ықпал етеді. Бұл жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің уақыты мен күшін үнемдеуге көмектеседі және жалпы ашықтық пен ашықтықты жақсартады.
«Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы директорының хабардар етуінше, электронды еңбек биржасында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бөлек бет бар. Сайтта түйіндемені жариялауға, «Жеке кабинет» ашуға, жұмыс берушілерге өтініш қалдыруға болады.
– Электронды еңбек биржасында Skills Enbek бөлімі бар. Мұнда түрлі курс, еңбек нарығында құндылығын арттырғысы келетіндерге арналған тегін, промо сабақтар бар. Кез келген қолданушы сайтқа тіркелгеннен кейін курстарды қарап, білім ала алады. Сондай-ақ платформада «Үздік 100 кәсіптің» тізімі берілген, – дейді Ерсұлтан ӘМЗЕЕВ.
Оның айтуынша, тағы бір нұсқа – жергілікті атқарушы органның Жұмыспен қамту орталығына хабарласу. Орталықтарда осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысатын бөлім бар. Олар мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуды мына жолдармен қамтамасыз етеді.
– Азаматтар Еgov.kz электронды үкімет порталына жұмыс іздеуші ретінде де тіркеле алады. Ол үшін сайттағы «Жұмыс іздеушілерді тіркеу» қызметін пайдалану керек. Қызметке тапсырыс беру барысында жұмыс іздеуші 3 кезеңнен өтеді: 1) жеке ақпарат беру; 2) өтінішті толтыру; 3) қызметке қол қою.Өтініш сәтті жолданғанының белгісі ретінде жеке кабинетіне хабарлама келеді. Бос жұмыс орындарын жариялайтын өзге де сайттар бар, – дейді ол.
Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының директоры мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де көмегі зор екенін айтады. Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жыл басынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
– Іс-шара жергілікті әкімшілікке қарасты «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. Қала әкімінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квота белгілеу туралы» қаулысы аясында биыл 42 мекемеге 140-тан астам азамат тұрақты жұмысқа жолданды. Биыл Шымкентте 1368 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бергі 10 айдың көрсеткіші бойынша, 1000-нан аса мүгедектігі бар жан түрлі салалар бойынша жұмысқа орналасқан. Бұл жәрмеңке мен атқарылған шаралар мүгедектігі бар азаматтарды еңбек нарығына белсенді түрде тарту мақсатында ұйымдастырылған маңызды қадам болып табылады,– дейді Шымкент қаласындағы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының директоры.