НҰРСҰЛУДЫҢ ШҰЖЫҒЫНА СҰРАНЫС КӨП

Бүгінде нарықта шұжықтың түрі көп, бірақ оның бәрі сапалы, адам ағзасына пайдалы деуге болмайды. Ал, Кентау қаласының тұрғыны,  бес баланың анасы Нұрсұлу Батырбекованың үй жағдайында әзірлейтін шұжығы көпшіліктің көңілінен шығып, сұранысқа ие болып отыр.

Нұрсұлу Батырбекованың  мамандығы – мұғалім. Білім саласында төрт  жыл жұмыс істеп, 2021 жылы кәсіпке кеткен. Оны бұл кәсіпке алып келген – балалары. Балаларының дұрыс тамақтануына алаңдаған ана дүкенде сатылатын шұжықтардың құрамына көңілі толмай, өзі үйде жасап үйренген.

Оның балаларына жасап бастаған шұжықтары бірте-бірте айналасындағы көрші-қолаң, ағайын-туысқа да ұнап, олардан сұраныс түсе бастайды. Осы хоббиінен аздап табыс түсе бастаған соң, мұны негізгі кәсіпке айналдырған.

“Мен балаларымның тамақтануына ерекше мән беремін. Сол себепті оларға таза өнімнен жасалған шұжық пісіру ойыма келді. Сөйтіп, үй жағдайында шұжық дайындауды алматылық аспазшының шеберлік сағатына қатысып, өзім дайындай бастадым. Бүгінде басқа қалалардағы қыз-келіншектермен үй жағдайында шұжық дайындау әдістерімен бөлісіп жүрмін”, – дейді Нұрсұлу Әбдіхалыққызы.
Нүрсұлудың шұжықтары 2024 жылдың май айынан бастап Кентау қаласының дүкендеріне «Адал үй шұжығы» брендімен  сатылымға шығып жатыр. Ол үй жағдайында өзі  жасайтын шұжықтарына бояғыштар, соя, желатин қоспайды. Әлгіндей артық консерванттар қоспаған соң, мұндай шұжықтар ұзақ сақтауға келмейді, сондықтан тонналап шығара алмайды.

«Адал үй шұжығының» құрамында сиыр еті, тауық еті және қойдың майы қолданылады. Сонымен қоса, қажетті қоспалар мен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының рұқсатымен алынған дәмдеуіштер қосылады. Етті арнайы тапсырыспен алып, өзі құрылғымен шегіп әзірлейді. Нұрсұлу Батырбекованың жасаған өнімнің ерекшелігі де осында.
Қазіргі таңда денсаулыққа зияны жоқ, бағасы да тиімді өнімге сұраныс артуда. 12 түрлі шұжықтың түрін жасай алатын көпбалалы ана осы уақытқа дейін мыңнан аса шәкірт тәрбиелеген. Кәсіпкер ана шығарған шұжықтарын Кентау қаласынан бөлек Түркістан, Шымкент, Алматы және Сәтпаев қалаларына да жеткізіп отыр.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар