26/11/2024

NEET тобы: АЙБЕК ОМАР ЖЕТІМ БАЛАЛАРҒА РОБОТОТЕХНИКАНЫ ҮЙРЕТУДЕ

2024 жылы «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанғандардың бірі – Шымкент қаласының жас тұрғыны Айбек ОМАР. Ол «Lego Shymkent – робототехника» тақырыбында бизнес идеясын қорғап, 1 млн теңге грантты жеңіп алды.  Соның нәтижесінде Айбек  көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және жетім балаларға робототехника бойынша курстар өткізу арқылы білім алуда тең мүмкіндіктер жасап отыр.

«Робототехника – роботтарды, яғни бағдарламалық басқаруы бар автоматтандырылған жүйелерді жобалауды, әзірлеуді және пайдалануды зерттейтін ғылым. Бұл бағытты ересектер де, балалар да игере алады. Робототехника балалар үшін пайдалы, себебі олар ерте жастан-ақ технология әлемінің қалай жұмыс істейтінін, роботтарды қалай басқаруды және жасанды интеллект жасауды түсіне бастайды. Бұл білімдер сенімділік береді, болашақ кәсіпті таңдауда көмектеседі», – дейді жоба жеңімпазы.

Осы жоба аясында мақсатты аудитория үшін электрониканы бағдарламалау және механикалық дизайн бойынша сабақтар өткізілді. Сонымен қатар, жеке және топтық қолдау көрсету үшін практикалық сабақтар, жетекшімен сессиялар өткізілді.

«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.

«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.

Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.

«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу.

Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі. 2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.

NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар