26/11/2024

NEET ТОБЫ: ЖҰМЫС ІСТЕУ ҮШІН НИЕТ КЕРЕК

Шымкент қаласында NEET санатына жататын 14 660 жас бар. NEET санатына жататын 14 660 жас бар. NEET – не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастар.

Бүгінде қоғамда NEET тобын оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен масыл жастар деп қабылдайтындар көп. Иә, қоғамда ондай жастар бар, бірақ бұл санатқа енгізілгендердің бәрі жалқау деуге болмайды.

Бұл санатқа бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар, есірткі мен ішімдікке тәуелді жастар ғана емес, үй шаруасындағы, еңбек тәжірибесі жоқ жас аналар, жалғызбасты жас аналар, мүгедектігі бар жастар, фрилансер секілді өз бетінше жұмыспен қамтылған тәуелсіз жұмыскерлер кіреді. Денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейтін немесе білім алуды тоқтатқан жастар, белсенді жұмыс іздеп жүрген немесе оқуға түскісі келгенімен, оған мүмкіндігі жоқ аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да осы топқа енгізілген.

Көріп отырғанымыздай, бұл топтағылардың бәрі бірдей масыл емес. Жұмыс таппай, жолын білмей жүргендер көп.

Елімізде NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау күшейтіліп келеді. Өткен жылы Үкіметте мемлекеттік жастар саясатын күшейту аясындағы қаулы қабылданды. Мұнда осы топ жастарын жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсету, өзге де қолдау шаралары қарастырылған.

Аталған құжатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «білімі жоқ және жұмыссыз» жастардың (NEET санаты)  жұмысқа орналасуына көмектесу, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылау міндеті жүктелген. Қаулыда жастар еңбек жасақтарын құру мәселесі де айтылған.

Жұмыссыз жастарға кәсіби көмек пен кеңес беру аса маңызды. Бұл олардың еңбек нарығын түсінуіне және өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануға көмектеседі.

Шымкент қаласында Ішкі саясат және жастар саясаты жөніндегі басқармасы тарапынан NEET санатындағы тізімі жасақталып, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ұдайы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Жастар ресурстық орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары бірлесе қаладағы  базарлар мен шалғай елді мекендерде, жастар көп шоғырланатын орындарда жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттық түсіндіру шараларын жүргізіп келеді.

Шымкентте бүгінде  NEET тобына жататын 14660 жас анықталды. Бүгінгі таңда қаладағы жұмыссыздардың 3,1 пайызын жастар құрап отыр.

Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директорының орынбасары Бекзат Толыбаев белгілі себептермен мамандығын ауыстырғысы келетін, жеке кәсіппен айналысқысы келетін жастардың мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар алуына мүмкіндігі бар екенін айтады.

Ал, NEET категориядағы жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды субсидияланатын жұмыс орындарына қатыстыру мүмкіндігі бар. Қысқа мерзімді оқуға жіберу арқылы жұмысшы мамандығына оқыту, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналастыру қарастырылған. Дипломы бар жастар “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты” бағдарламаларына қатыса алады.

NEET санатындағы жастар құрамына енгізілген сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас жұмысқа орналасқан.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар