«ОРДАБАСЫ» ФУТБОЛ КЛУБЫ РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

«Ордабасы» футбол клубы Шымкент қаласында «Ордабасы» мен «Ақтөбе» клубтарының жасөспірімдер командалары арасында өткен жолдастық матч барысында орын алған жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Кездесу кезінде ойыншылар арасында жанжал туындап, ол кейіннен жаппай төбелеске ұласқан. Клуб мұндай әрекеттердің спорт қағидаттарына қайшы екенін атап өтеді. Футбол алаңында агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды, ал мұндай жағдайлардың балалар мен жасөспірімдер футболында орын алуы мүлде қабылданбайды.

Клубтың мәліметінше, ойын барысында ойыншылар арасында түсініспеушілік туындап, жағдай ушығып кеткен. Сонымен қатар эпизод кезінде қатысушылар тарапынан өзара арандату әрекеттері де байқалған.

«Ордабасы» ФК бұл оқиғаға байланысты тиісті құқық қорғау органдары жан-жақты әрі әділ тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша оқиғаға қатысқан барлық тарапқа тиісті тәртіптік баға беріледі деп сенім білдіреді.

Футбол клубы әрдайым адал бәсеке қағидаттарын және Fair Play құндылықтарын ұстанатынын атап өтті. Клубтың ұстанымынша, агрессия мен зорлық-зомбылық көріністері спорттық әдепке де, адамгершілік қағидаттарға да сәйкес келмейді. Осыған байланысты «Ордабасы» футбол клубы алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін ойыншылармен және жаттықтырушылар құрамымен түсіндіру және тәрбие жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар