Ордабасы ауданында индустриалды даму қарқыны одан әрі күшейіп келеді. Ауданда «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» ЖШС-нің сүйектен май және желатин компоненттерін шығаратын жаңа зауытының құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын бұл ірі инвестициялық жоба жылына 5 мың тонна дайын өнім шығаруға арналған. Кәсіпорын іске қосылған соң, жергілікті тұрғындар үшін 30 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қазіргі таңда зауытты тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Ауа райының суық мезгілінде де газ құбыры мен инженерлік желілерді тарту бағытындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. Аудан әкімі Азат Оралбаев құрылыс алаңына барып, газбен қамту процесінің барысын жеке бақылауға алды.
Техникалық тұрғыдан алғанда, бастапқы кезеңдегі іске қосуға қажетті орта қысымды газ құбыры тартылып, тиісті техникалық шарттар алынған. Өндірісті толық қуатта жұмыс істету үшін қажетті жоғары қысымды газ құбырының жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар, кәсіпорын электр желілеріне қосылып, қосымша энергия қуатын алу мәселесі де шешімін табу үстінде.
Жоспарға сәйкес, бұл маусымда жоба жаңа кезеңге өтіп, газ құбырына толық қосу жұмыстары басталады. Бұл ретте кәсіпорынның өз уақытында пайдалануға берілуі және аудан экономикасына елеулі үлес қосуы күтілуде.
