«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалы А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің мәжіліс залында «Отан – отбасынан басталады» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың санасына Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, еліне адалдық, азаматтық жауапкершілік сынды құндылықтарды сіңіру болды.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық медиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор Сайера Даванова, Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сейдуалы Ештаев, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Абзелова және колледж студенттері қатысты.

«Дөңгелек үстел» басында әрбір қатысушы өз ой-пікірлерін ортаға салып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков: «Ақсақалдар институты – бұл ұлттық тәрбие мектебі. Ұрпаққа бағыт-бағдар беру, өнегелі сөз айту – ата-бабадан қалған аманат. Біздің міндетіміз – осы аманатты жастарға жеткізіп, олардың санасына сіңіру», – деп атап өтті.
Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сейдуалы Ештаевтың пікірінше, қоғамдағы жастардың әр бастамасын қолдап, олардың белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізу қажет.
«Әсіресе, әскери-патриоттық тәрбиенің жас буынның дүниетанымын қалыптастырудағы орны ерекше. Бұл тәрбие жастарды елін, жерін сүюге, қорғауға баулиды», – дейді ол.
Ал, аудандық медиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор Сайера Даванова медиацияның адамдарды түсіністікке, сабырлыққа, мәдени диалогқа шақыратын құрал екендігін түсіндірді. «Жастардың жанжал емес, келісім жолын таңдауын үйренуінде медиация мәдениетінің маңызы зор. Өздерінің өмірлік жолдарын таңдауда да, қоғамдағы қарым-қатынаста да келісім мен түсіністікке ұмтылу – бұл да Отанға деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі», – деп атап өтті.
Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев: «Бүгінгідей жаңа форматтағы кездесулер қоғамдағы ішкі тұрақтылықты сақтауға, жастардың бойында салауатты сананы қалыптастыруға өз жемісін беретіндігіне сенімдімін. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан бастау алады. Ата-ананың тәрбиесі, отбасылық құндылықтар – бұл жастардың болашақ азамат ретінде қалыптасуының негізі. Біздің мақсатымыз – осы құндылықтарды насихаттай отырып, жастарды еліне, жеріне адал қызмет етуге тәрбиелеу», – деді.
Жиын барысында студенттер де белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Іс-шара соңында қатысушылар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.
