Отырар ауданында «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында шалғайда орналасқан елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қостерек ауылында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында заманауи OneWeb спутниктік жүйе станциясының іске қосылуы. Бұл жаңалық ауыл тұрғындарына қоғамдық Wi-Fi арқылы интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында цифрландырудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Президент: «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деп атап көрсеткен болатын. Ол ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматтарды интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал, биыл Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында әлеуметтің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдану арқылы шешуге бағытталған міндеттер қойылды. Бұл міндеттерді орындау аясында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Jusan Mobile» АҚ арасында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, байланысы мүлдем жоқ елді мекендерге ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын пайдалану мүмкіндігі туындады.
Қостерек ауылындағы OneWeb спутниктік жүйе станциясының іске қосылуы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі. Бұл станция арқылы ауыл тұрғындары ендігіде интернеттің артықшылықтарын пайдалана алады. Бұл тек ақпаратқа қолжетімділікті арттырып қана қоймай, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да салаларда жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кету керек, жақында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясының іске қосылуы жоспарлануда. Бұл станция іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындары толыққанды, сапалы байланыспен қамтамасыз етіліп, цифрлық әлемге толыққанды кірісе алады.
Бұл шаралар Отырар ауданының цифрландыру саласындағы жаңа деңгейге көтерілуінің айқын дәлелі болып табылады және барлық азаматтардың тең құқықты цифрлық қоғамға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып саналады.
