Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2026 жылға арналған оқыту жоспары аясында кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында оқу-семинар өткізді. Іс-шара алдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайына сайлау науқанын сапалы ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын жетілдіруге бағытталды.
Семинарға №501 және №525 сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері қатысты. Отырар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Жубаев «Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауын өткізудегі сайлау комиссияларының іс-әрекетіндегі заңнамалық аспектілер» тақырыбында баяндама жасады. Спикер сайлау процесін заң талаптарына сәйкес ұйымдастырудың негізгі қағидаттарын, учаскелік комиссиялардың жұмысын үйлестіруді, сайлаушылар тізімдерін нақтылау тәртібін, дауыс беру күніндегі рәсімдерді және қорытынды хаттамаларды ресімдеу ерекшеліктерін түсіндірді.
Сондай-ақ, талқылау барысында сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, байқаушылармен өзара әрекеттесу механизмдері және азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау рәсімі көтерілді. Қатысушыларға әдістемелік материалдар таратылып, теориялық білімдерін бекіту үшін практикалық тапсырмалар орындалды.
Іс-шара соңында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Нәтижесінде сайлау комиссиясы мүшелері өз біліктіліктерін жетілдіріп, алдағы сайлау науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға толықтай дайын болғандығын көрсетті.
