Отырар ауданы аумағында ағымдағы жылдың 15–20 маусым аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Ауқымды шараның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы, сондай-ақ алкогольдік мас күйінде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу болып табылады.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында құқық қорғау органдары мен жауапты мамандар бірқатар маңызды міндеттерді орындауға жұмылдырылды. Атап айтқанда, профилактикалық есепке қойылуға жататын адамдарды анықтау, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беретін азаматтарды есепке алу, сондай-ақ халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу шаралары іске асырылды.
«Тұрмыс» іс-шарасы аясында аудан аумағындағы көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сонымен қатар Отырар аудандық полиция бөлімінің (АПБ) профилактикалық есебінде тұратын тұлғаларға бағытталған рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Тұрғындардың отбасылық-тұрмыстық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуге басымдық берілді.
Рейдтік іс-шараны Отырар АПБ-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының (ӘЗЗҚТ) аға инспекторы, полиция капитаны З. Надирова және полиция аға лейтенанты Н. Сейілбек «Отбасын қолдау орталығының» мамандарымен бірлесе отырып жүргізді.
Мамандар мен тәртіп сақшылары тұрғын үйлерді аралап, отбасы мүшелерімен тікелей профилактикалық әңгімелесулер өткізді. Кездесулер барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, заң алдындағы жауапкершілік және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен түсіндірілді.
Сонымен қатар, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың тыныс-тіршілігі мен жағдайы жіті зерделеніп, тиісті мекемелер тарапынан берілетін қолдау түрлері бойынша нақты ақпараттық кеңестер берілді. Әрбір шаңырақтың тұрмыстық ахуалына ерекше назар аударылып, заң талаптарын қатаң сақтау және отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері айтылды.
Отырар аудандық полиция бөлімі тарапынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және отбасылардың тыныштығын қорғауға бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны хабарланды.
