Отырар ауданында ағымдағы жылы жалпы 49 көшеге ағымдағы және орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған игі істер «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және жергілікті бюджет есебінен атқарылуда.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Балтакөл елді мекеніндегі Тәукебай және Б.Жұмағұлов көшелерін орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын ішкі көшелерді асфальттау жұмыстары облыстық бюджет қаражаты есебінен іске асуда.
Аудан басшысы аралау барысында жоспарлы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес сапалы жүргізілуі керек екенін атап өтіп, жауапты сала басшыларына қадағалауды тапсырды.
Айта кету керек, аудан көлеміндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 863,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдар – 325,9 шақырым, аудандық маңыздағы жолдар – 109,7 шақырым, ішкі көшелер -427,7 шақырым.
2025 жылға республикалық бюджет есебінен «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 20,63 шақырым ішкі көшелерге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен ұзындығы – 26,8 шақырым көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.
Еске сала кетейік, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Жоба шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға ат салыса алады. Ауыл тұрғындарының материалдық әл-ауқатын көтеру үшін кәсіпкерлердің де үлесі зор болмақ.