Қазіргі қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру, қылмыстың кез келген түріне қарсы тұру және азаматтардың қауіпсіз ортада өмір сүруін қамтамасыз ету — мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы орайда, Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Отырар ауданының Қоғам ауылдық округі аумағында тұрғындар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізді.
Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындары үшін аса өзекті бірнеше бағытты қамтитын «Қашар», «Қарасора» және «Интернет-алаяқтық» жедел-профилактикалық іс-шараларын бірлесе ұйымдастырып, өткізді.
Өткізілген кешенді іс-шаралардың негізгі мақсаты — ауылдық жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру болып табылады.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен кездесіп, мүлік қауіпсіздігі мен заң талаптары төңірегінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Қашар» шарасы аясында мал ұрлығының алдын алу, төрт түлікті қараусыз қалдырмау және бақташылық қызметті жүйелеу мәселелері айтылды.
Ал, «Қарасора» бағыты бойынша құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге жол бермеу, оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратыны қатаң ескертілді.
Тұрғындарға заң талаптарын есте сақтау үшін арнайы әзірленген ақпараттық жадынамалар таратылып, құқықтық кеңестер ұсынылды.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың дамуымен қатар, киберқылмыс та белең алып келеді. Осыған орай, тәртіп сақшылары ауыл халқын интернет алаяқтарының арбауына түспеудің жолдарымен таныстырды.
Әсіресе, әлеуметтік желілер мен танымал мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтану шаралары жіті түсіндірілді. Мамандар азаматтарға өздерінің жеке деректерін (ЖСН, құжат көшірмелері); банк карталарының мәліметтерін (құпия кодтар, SMS арқылы келген парольдер) бөгде адамдарға ешбір жағдайда бермеу қажеттігін ескертті.
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, ауыл тұрғындарының қырағылығын арттырып, қылмыстың алдын алуға бағытталған мұндай мақсатты жұмыстар Отырар ауданының өзге де елді мекендерінде тұрақты түрде жалғасын таппақ.
