ПРЕЗИДЕНТ: «ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАЙЛЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ МЕМЛЕКЕТ ЕТУ – БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ МІНДЕТ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі.

«Жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат берілді (соның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілді). Дегенмен қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет. Біз қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризмді дамытамыз және шетелдік қонақтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береміз» деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету  бәрімізге ортақ міндет екенін атап өтті.  Бүгінде Қазақстанға келген әрбір туриске әуежайдан қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернет пакеті бар жаңа сим-карта беріледі.

«Біз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғай білуіміз керек. Ел ішіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен еліміздің табысты дамуына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан біз бүкіл құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыруымыз қажет. Осылайша, Қазақстан аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосатын ел ретіндегі мәртебесін нығайта бермек» деді Қ.Тоқаев.

Президент құқық қорғау органдары түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиістігін, түйткілдің бәрін жан-жақты ойластырып, жоспарлы түрде шешу қажеттігін, құзырлы органдардың негізгі мақсаты нақты нәтижеге қол жеткізу екенін айтты.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар