26/11/2024

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ: ҚҰРЫЛЫСТАН – ТІГІНШІЛІККЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

Шымкенттік тұрғын Шолпан Ибраева кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Осыған дейін де ол адал әрі қара еңбектің арқасында табыс тауып келді. Бірақ түрлі себептерге байланысты нәпақа табу жолын бірден өзгертті. Ол құрылыс саласынан тігіншілікке келді. Оның айтуынша, 2019 жылы мемлекеттен көмек алу үшін құжат тапсырды. Бірақ оның бұл өтініші мақұлданбады. Бұл сәтсіздікке ол мойынсұнбай, алға жылжудың амалын қарастырды. Сөйтіп Шолпан Ибраева тігіншіліктің курсын оқып, жеке кәсібін ашты.

«Мен тігіншілікке дейін еурожөндеу  жасайтын едім. Өзімнің бригадам болды. Үлкен объектіге кірген соң соны толығымен аяқтап шығатын едік. Іздене келе әртүрлі курстарды оқып, білегілі бір кәсіп түрін меңгеруге болатынын білдім. Мәселен, косметология, шаштараз, тігін саласы бойынша оқытатын қысқамерзімді курстар бар екен. Содан тігін тігуді дұрыстап үйреніп алайын деп шешім қабылдадым. Өйткені мен бала кезден тігін тіккенді жақсы көрем, ебім де, қызығушылығым да бар. Сөйтіп 3 ай курсын оқып, жеке кәсібімді аштым», — дейді кейіпкер.

Еңбекқор әйел курс оқып болған соң қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Мемлекет берген ақшаға тігін машинкасын сатып алыпты. Осылайша оның табысты жолы басталды. Жанына өзі секілді ісмер қыз-келіншектер топтасты. Ең қызығы — оның көз жауын алар туындысы, яғни тіккен 500 метрлік құрақ көрпесі рекордтар кітабына енген.

«Мемлекет тарапынан жағдай жасалғандықтан, атаулы әлеуметтік көмек алуды тоқтату керек деп есептеймін. Өйткені көмектің ол түрі өмір бойы берілмейді ғой. Бір күні ол да тоқтайды. Сондықтан кәсіп істеген жақсы екен. Бастапқыда үйде отырып тапсырыспен киім тіктім. Кейінірек аламан құрақ деген конкурсқа қатысып, құрақ құрап, көрпе тігуге көштім», — дейді Шолпан Ибраева.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, былтыр Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алатын 500 адам жеке бизнесін ашқан. Олар мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Жалпы 428 азаматқа грант берілді. Грантты тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету, қолөнер және тігін тігу кәсіптерімен айналысуға ниет білдіргендер алды.  Қаражатты мақсатсыз алып, жеке кәсібін аша алмайды. Біздің мамандар бұл ретте ұдайы түрде тексеру жүргізіп отырады», — дейді Ж.Өтебаева.

Қазір қайтарымсыз грантқа құжат тапсырғандар арасында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі. Себебі оларды белгілі бір кәсіпке баулу – басты мақсаты болып отыр.

Грант алудың міндетті шарттары:

1) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификаттың болуы (алған күннен бастап он екі ай ішінде жарамды);

2) кемінде бір жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтердің болуы;

3) үміткердің белгіленген критерийлерге сәйкестігі;

4) комиссияның оң қорытындысының болуы.

Гранттар тек бір рет қана беріледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар