26/11/2024

«ҚАРАТАУ» КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІ 300 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратына қарасты «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 300 адам жұмыс істейді. Бұл туралы осы мекеменің директорының орынбасары Есбол Тәженов мәлім етті, — деп хабарлайды  Narkesken сайтының тілшісі.

Бұл мекеме  Қаратау ауданына қарасты ішкі орам көшелері мен аулалардың тазалығын қамтумен айналысады. «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2023 жылдың сәуір айында құрылған.

Қазір онда 300 қызметкер еңбек етіп жатыр. Оның 140-қа жуығы аула сыпырушы. Сонымен қатар, тазалықты қамтамасыз етуде септігін тигізетін 26 техника да шаруаға жарап тұр.

– Біздің мекеме Қаратау ауданындағы тазалыққа жауап береді. Мекеме тарапынан аудан аумағындағы 638 ішкі орам көше мен 210 көп қабатты үй ауласында санитарлық тазалық жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, аудан аумағында орнатылған балалар және спорт алаңшаларын күтіп-ұстау жұмыстары істелінеді. Биыл тозығы жеткен балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңдары мекеме тарапынан ретке келтірілді. 49 көп қабатты үйдің ауласындағы ойылған жолдар ретке келтіріліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Нұрсәт» тұрғын алабында 250 шаршы метр  аумаққа автотұрақ салу жұмыстары жүргізілді, — дейді мекеме директорының орынбасары Есбол Тәженов.

Жұмысшылар Қаратау ауданы әкімі аппаратының меншігіндегі жерлеу және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын күтіп-ұстау жұмыстарын атқарып жатыр. Айта кетейік, ауданға қарасты жалпы жерлеу орындарының саны – 32. Ал былтыр бұл  мекеме Тұран-2 шағынауданындағы көпқабатты үй аулаларын көгалдандырумен айналысқан.

Мекеменің арнайы қоқыс таситын 10 көлігі күн сайын таң атып күн батқанға дейін қаладағы қоқысты сыртқа шығарады.

–Біздің жұмысшыларды бірден танисыздар. Олар «Қаратау» аудандық КММ деген жазуы бар арнайы кеудеше киіп жүреді. Бұл азаматтар нағыз адал еңбек етіп жүр. «Күні бойы далада жүру оңай емес қой» деген орынды пікір туады. Біз кейбір үйдің үй төрағаларымен келісіп, жертөлелерден орын алып бердік. Онда жұмысшылар түскі бір сағат үзіліс кезінде ас ішеді, аздап демалады. Айлықтары да бастапқыда 80 мың теңге болды. Бір жыл ішінде 187 мыңға жетті, – дейді Есбол Тәженов.

Иә, Шымкент қаласының айнадай таза болуы – қолына сыпырғы мен күрек ұстаған жұмысшыларға байланысты. Олар күні бойы үздіксіз әрі тынымсыз еңбек етіп, шаһар тазалығына мол үлесін қосуда. Олар жыл мезгілінің кез келген күнінде қалалықтардың ауласы мен ішкі орам көшелерінің таза болуына атсалысып келеді.

Дильфуза Исмаилова осы мекеме ашылған сәттен бастап аула сыпырушы болып жұмысқа орналасты.

– Бұл жұмыспен айналысқаныма 5 жыл болды. Жолдасым екеуіміз бірге аула тазалаймыз. Ол да осында еңбек етеді. Екеуімізге Нұрсәт шағынауданында 20 көпқабатты үй берілген. Күн сайын таңғы сағат 08.00-де келіп, өз міндетімізге кірісеміз. Әр үйдің жанына қойылған қоқыс жәшіктерін босатып болған соң ауланы сыпырамыз. Жұмысымыз оңай емес. Жыл мезгілінің кез келген уақытында өзінің қиындықтары болады. Жазда аптап ыстық, ал қыста суық. Күз мезгілінде жұмыс қарқыны арта түседі. Жапырақтар сарғайып, жерге көптеп түсіп жатыр. Қыстың да өз қиындығы бар.  Бос отырмаймыз, әрдайым жұмыс табылады, — дейді Д.Исмаилова.

Дильфуза Исламәлиқызының ай сайын қолына 185 мың теңге жалақы алады. Алғашында 80 мың теңге төленген екен.

— Басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған. Мысалы, таңертең арнайы көлік үйден әкетеді, ал кешке жеткізіп салады. Біз жол жүру үшін ақша жұмсамаймыз. Ал түскі асты өзімізбен бірге алып келеміз, — дейді ол.

Дильфуза Исмаилова мен оның жолдасы Әбуәлі Бекзат бес перзентті өмірге әкелді. Үш қызын да қияға қондырып, бір ұлын үйлендірген. Ал кенже ұлы Өскемендегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадір-қасиеті жоғары екенін және оларды бағалдауымыз керек екенін айтып, еліміз солардың арқасында дамып жатқанын айтып өтті.

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Аула сыпырушы – бұл адамның жауапкершілігі, еңбексүйгіштігі мен тазалыққа деген сүйіспеншілігін көрсететін мамандық. Олар қоғамдық орындардың, көшелердің, аулалардың тазалығын қамтамасыз етеді, адамдардың өмір сүру ортасын жақсартады. Аула сыпырушылардың жұмысы көп уақытты алады, бірақ олардың еңбегі қоғам үшін өте маңызды. Адал еңбек деген де осы. Сондықтан таза қалада өмір сүргіміз келсе, тазалықтың жаршысы болып жүрген азаматтардың еңбегін бағалай білейік.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар