ҚАЗАҚСТАНДА 350 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕСКІ ГАЗ БАЛЛОНЫН АУЫСТЫРУ ҚАЖЕТ

Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарының қауіпсіздігі мәселесі қайта көтерілді. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елде ұзақ жылдар бойы пайдаланылып келе жатқан шамамен 350 мың газ баллонын ауыстыру қажеттігін мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл баллондардың бір бөлігі 40–50 жылдан бері қолданыста. Өткен жылыту маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты жеті оқиға тіркелген. Негізгі себептердің бірі – қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.

Қазір Көкшетау қаласында газ баллондарын шығаратын зауыт іске қосылған. Алдағы уақытта Атырау мен Алматы қалаларында да осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланып отыр.

Премьер-министр Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде ескі баллондарды жаңарту, айналымнан шығару және олардың қолданылуын бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды.

Бұл мәселе әсіресе орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған ауылдар мен елді мекендер үшін маңызды.

Тұрмыстық газ баллоны – күнделікті ас дайындауға пайдаланылатын қарапайым құрал болғанымен, оның техникалық жағдайы адам өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Сондықтан ескі баллондарды ауыстыру жұмысы тек қағаз жүзіндегі тапсырма болып қалмай, тұрғындарға қолжетімді әрі нақты жүйемен жүзеге асуы керек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар