Қазақстанда коммерциялық жүк көліктері үшін автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін төленетін ақы жүйесін өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Ұсыныстар отандық және шетелдік тасымалдаушыларға қатысты. Ал жеке жеңіл автокөлік иелері үшін жол жүру шарттарын өзгерту әзірге жоспарланып отырған жоқ.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарындағы ақы төлеу жүйесіне қатысты жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Жиында қолданыстағы жол алымдарын жетілдіру, сондай-ақ автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге қажетті қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, жол салуға қомақты қаражат бөлінгенімен, оны күтіп ұстау мен жөндеу шығындары әлі де бюджет есебінен өтеліп келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын өзін-өзі қаржыландыра алатын жүйеге көшіру қажеттігі туындап отыр.
Жүк көліктеріне қандай өзгерістер ұсынылды?
Жұмыс тобы отырысында бірнеше бастама көтерілді.
Сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстан мен көрші мемлекеттердегі ақылы жол тарифтерінің айырмашылығына назар аударып, төлем мөлшерін аймақтық деңгейге жақындату мүмкіндігін зерттеуді ұсынды. Сонымен қатар отандық тасымалдаушылар үшін бөлек тарифтік шарттар қарастыру мәселесін көтерді.
Сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өтетін шетелдік жүк көліктерін сақтандыру тетігін жетілдіру ұсынылды. Бұл жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені өтеудің және оны күтіп ұстауға қосымша қаражат тартудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов тасымалдаушы компаниялар үшін жылдық абонемент енгізу мүмкіндігін ұсынды. Мұндай жүйе бойынша компаниялар белгілі бір шақырымға алдын ала ақы төлеп, ұзақ сапарлар кезіндегі шығындарын жоспарлай алады. Сонымен бірге бұл тәсіл төлемдердің тұрақтылығын арттырып, берешекті азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Тағы бір ұсыныс – көлік құралдарының ерекшеліктеріне қарай тарифтерді саралау. Мәжіліс депутаты, логистика және көлік саласының сарапшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тариф мөлшерін автомобильдің экологиялық сыныбына, шығарындылар деңгейіне және жол төсеміне түсіретін салмағына байланысты белгілеуді ұсынды.
Жүк көліктерінің қозғалысы цифрлық бақылауға алынуы мүмкін
Отырыста жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талаптарының орындалуын бақылау мәселесі де қаралды.
Атап айтқанда, ақылы жол учаскелеріндегі жүк көліктерінің қозғалысын бақылау үшін цифрлық мониторинг құралдарын кеңінен пайдалану ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне ұсыныстарды жан-жақты пысықтауды тапсырды.
Бұл ретте тасымалдаушылар мен кәсіпкерлердің мүддесін ескеру, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарын әділ бөлу және жеке жеңіл автокөлік иелеріне қосымша салмақ түсірмеу қажеттігі атап өтілді.
Ұсыныстарды қараша айының соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау жоспарланып отыр.
