Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округінде жаңа әкім сайланды. Сайлау қорытындысы бойынша бұл қызметке Алибаев Данабек Нұрмаханұлы ие болды.
Таныстыру рәсіміне Қазығұрт ауданы әкімінің аппарат басшысы Қанат Иматов қатысты. Ол жаңа әкімді ұжымға таныстырып, алдына маңызды міндеттер қойды. Иматовтың тапсырмасы бойынша, Данабек Нұрмаханұлы халықпен тығыз байланыс орнатып, округтің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін арттыруға, инвестиция тартуға және дамуға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Сондай-ақ, елді мекендердің тазалығын сақтау, ауылды абаттандыру мен көркейту жұмыстарына баса назар аудару қажеттігі атап өтілді.
Сайлау процесін ресми түрде қорытындылау үшін Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Рамазан Ильясұлы шақырылды. Ол Данабек Нұрмаханұлына қызметтік куәлікті табыстады. Жиынға қатысқан ауыл қариялары мен тұрғындар жаңа әкімге ізгі тілектерін арнап, жұмысына сәттілік тіледі.
Алибаев Данабек Нұрмаханұлы 1987 жылы Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауыл округі, Қаржан ауылында дүниеге келген. Ол жоғары білімді маман, «Қаржы» және «Құқықтану» мамандықтарын игерген.
Еңбек жолын 2010 жылы Алтынтөбе ауыл округі әкімі аппаратында бас маман-есепші болып бастаған. 2012 жылдан 2018 жылға дейін Қазығұрт аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман, кейін сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2018 жылдан бері ол Алтынтөбе ауыл округінің әкімі лауазымында жұмыс істеп келеді.
