Қасиетті Қазығұрт өңірінде ұлттық руханияттың қайнар көзіне айналған айтулы мереке өз деңгейінде аталып өтті. Қазығұрт аудандық орталық кітапханасына қарасты Рабат ауылдық кітапханасында Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – қазақ рухының үні» атты мазмұнды сазды кеш ұйымдастырылды. Екі ішектің сырымен елдік пен бірлікті паш еткен бұл басқосу қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Рухани шараны кітапханашы құттықтау сөзбен ашып, Ұлттық домбыра күнінің мемлекеттік маңызына тоқталды. Сондай-ақ қасиетті қара домбыраның қазақ халқының ғасырлар бойғы рухани өміріндегі, тұрмысы мен санасындағы ерекше орны туралы кеңінен баяндады. Кеш барысында жиылған қауымға домбыраның көне шығу тарихы, қазақтың әйгілі күйшілерінің өмір жолы мен олардың ұрпаққа қалдырған асыл мұрасы жайлы құнды танымдық мәліметтер берілді.
Мерекелік кештің шырайын кіргізген ұлттық күйлер қатар орындалып, домбыраның қадір-қасиетін жырлайтын жүрекжарды өлеңдер оқылды. Домбыра шанағынан төгілген күмбірлеген әуендер қатысушылардың ұлттық өнерге деген құрметін арттырып, ата-баба дәстүрін жаңғыртуға шақырды. Төл өнерімізді дәріптеген бұл сазды кеш өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рух пен патриотизмді сіңіру жолындағы тағылымды шаралардың біріне айналды.
