ҚАЗЫҒҰРТ ЖАСТАРЫ ОБЛЫСТЫҚ «ЯСАУИ ӘЛЕМІ» САЙЫСЫНДА ТОП ЖАРЫП, ЖҮЛДЕЛІ ЕКІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Бүгінгі таңда өңірімізде өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған ауқымды бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өңір жастарының басын қосқан маңызды шара өтті. Киелі шаһарда ұйымдастырылған облыстық «Ясауи әлемі» квест сайысы жас буынның тарихи-мәдени мұраны терең меңгеруіне, туған өлкенің шежіресіне деген қызығушылығын арттыруға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашты. Рух пен білім сынға түскен бұл тартысты додада Қазығұрт ауданының жастары ерекше белсенділік танытып, жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады.

Рухани қазынаға толы сайысқа 14 пен 35 жас аралығындағы белсенділерден жасақталған командалар қатысып, қасиетті Түркістан қаласының тарихи-танымдық орындарына орналасқан арнайы бекеттерде өз мүмкіндіктерін сынады. Ұйымдастырушылар белгілеген ережеге сай, білім мен шапшаңдықты талап ететін бәсеке төрт кезеңнен тұрды. Айтулы сайыстың алғашқы кезеңі руханият ордасына айналған заманауи «Farab» кітапханасында бастау алып, қатысушылардың кітап пен білімге деген көзқарасын байқатты. Екінші кезең қаланың көрнекті жерлерінің бірі – «Алтын Самұрық» алаңында жалғасып, жастардың өңір тарихына қатысты алған білімдерін сарапқа салды. Ал үшінші кезең ерекше сәулеті мен келушілерді таңғалдыратын «Керуен Сарай» туристік кешенінде өтіп, командалардың логикалық ойлау қабілеті мен уақытты тиімді пайдалану дағдыларын шыңдай түсті. Мәдени-танымдық сайыстың шешуші төртінші кезеңі Түркістан облыстық драма театрында қорытындыланып, өнер мен тарихтың ұштасқан тұсында жастар өздерінің жан-жақты екендірін дәлелдеді.

Төрт бекеттен тұрған сында қатысушылар тек сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, командалық жұмыстың үйлесімділігін, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын тапқырлығы мен шапшаңдығын көрсете білді. Әрбір кезең жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, ата-баба мұрасына деген құрметін еселей түскен маңызды белес болды. Сайын даланың шежіресін жадында сақтаған жастардың сайыстағы әрбір қадамы олардың ел болашағы үшін жауапкершілігін айқын аңғарта түсті.

Тартысты өткен білім мен біліктің бәсекесі қорытындыланып, төрешілер алқасы әділ бағасын берді. Тартымды сайыстың нәтижесінде үздік өнер көрсеткен Ордабасы ауданының командасы бірінші орынды жеңіп алып, көш бастады. Ал табандылық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен Қазығұрт ауданының жастары жүлделі екінші орынға лайық деп танылып, қазылар мен көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, жүлделі үшінші орын Бәйдібек ауданының командасына бұйырды. Бұдан бөлек, сайыс барысында белсенділік танытқан Сарыағаш ауданы, Арыс қаласы және Сауран ауданының командалары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, сертификаттар мен бағалы сыйлықтар салтанатты түрде табысталды. Бұл жетістік – өңір жастарының тарихқа деген құрметінің ғана емес, сонымен бірге саналы да білімді ұрпақ өсіп келе жатқанының айқын дәлелі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар