26/11/2024

ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК: ҚОҒАМНЫҢ ОСАЛ ТОПТАРЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Шымкент қаласында 2024 жылдың 4 қазанынан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін 5 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсқа өтініштер қабылдау басталды. Өтініштер 11 қазанға дейін қабылданады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар іске қосқан бизнес немесе кәсіпкердің ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен оған мұқтаж халыққа жұмыс орындарын тікелей қамтамасыз етуі.  Кәсіпкерліктің бұл түрі жаңа жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқара алады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл тек пайда табуға емес, сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік түрі. Мұндай кәсіпорындар әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешу үшін инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, табыс табумен қатар, жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлер көбінесе қоғамның осал топтарына, мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, жастарға, егде жастағы азаматтарға, сондай-ақ жұмыссыздарға жұмыс орындарын ұсынады. Бұл адамдарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік кәсіпорындар тек экономикалық жағдайды жақсартып қана қоймай, сонымен бірге қоғамның әл-ауқатын арттыруға көмектеседі.

Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпорындар өз қызметін әлеуметтік әсерді арттыру үшін бағыттайды. Олар жергілікті ресурстарды пайдалану, экологиялық таза өнімдер өндіру, қайталама шикізатты қолдану және басқа да тұрақты бизнес модельдерін енгізу арқылы жұмыс орындарын құрып, қоғамға пайда әкеледі.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің артықшылықтары мыналар:

* Жаңа жұмыс орындарын құру.

* Қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу.

* Қоғамдық дамуды қолдау.

* Экономикалық тұрақтылықты арттыру.

Әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы құрылған жұмыс орындары көбінесе тұрақты және ұзақ мерзімді болып келеді, себебі олардың мақсаты қоғамның әл-ауқатын жақсарту болып табылады.

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірқатар ынталандыру шаралары бар. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер саны 51 пайызды құрайтын ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады, мүлік салығын есептеу кезінде жеңілдіктер жасалады.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заңға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, зейнет жасындағы кісілерді, бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарды жұмысқа тарту көзделген.

Конкурсты Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы ұйымдастыруда.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысан бойынша электрондық өтінімді және толық конкурстық құжаттар топтамасын ұсынады. Үміткерлер өтінішті «kezekte.kz» субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің веб-порталы арқылы бере алады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар