Шымкент қаласында әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің қонақ үйінің құрылысы басталды. Шымкент—сити шағынауданында құрылысы басталған бес жұлдызды қонақ үйді 2026 жылы ашу жоспарлануда, — деп хабарлайды Narkesken сайтының тілшісі.
«Hilton» — әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй Шымкент қаласының туристік әлеуеттін дамытуға ықпал етеді деген сенім бар.
Қонақ үйде — 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал болады. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, қалада әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйі ашылған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.
Шымкент – 2200 жылдан астам тарихы бар ең ежелгі қалалардың бірі. Аумағы және халық саны бойынша республикада – үшінші орында.Қала аумағы – 117 мың гектар, халқының саны – миллионнан астам. Ішкі бөлінісі 5 аудан: Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Тұран және Қаратау аудандары.
Жаңарып-жасарған, көркіне көрік қосқан Шымкент қазірдің өзінде Қазақстандағы өнеркәсіп, сауда және мәдени орталығы болып табылады. Қалада кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасалған. Өзге де сан-салаларда атқарылып жатқан жұмыстар қаншама. Болашақта қаламыз халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына, ғылым мен білімнің ордасына айналатынынан сенім бол.
Бүгінде қаламызда жаңа заманауи қонақ үйлердің пайда болуы қалаларды тартымды етіп, туризмнің дамуына айрықша серпін береді.