«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Орынбасаров Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен барып, – «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы барысын тікелей көріп, танысып қайтты. Сапар барысында Мақтаарал ауданындағы «Мақтаарал» теміржол станциясының құрылыс алаңымен танысып, өндірістік процестер мен атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Аталмыш нысанда өткен жұмыс кеңесіне Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, жобалаушы «KSD Engineering» ЖШС мен инженерлік қадағалау ұйымдарының, сондай-ақ мердігер компаниялардың өкілдері қатысты.
Жиында құрылыс жұмыстарының кезеңдері, қолданылып жатқан инженерлік шешімдер мен алдағы міндеттер жөнінде егжей-тегжейлі баяндалды. Жаңа станция аумағында болашақта шекаралық және кедендік бақылау қызметтерінің, өзге де мемлекеттік бақылау органдарының үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта халықаралық жүк тасымалын ұйымдастырудың сапасы мен жылдамдығын арттыруға мол мүмкіндік береді.
Кеңес барысында Басқарма төрағасы құрылыс сапасын қатаң сақтау, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұлжытпай орындау және жобаны бекітілген мерзімде толық аяқтау мәселелеріне баса назар аударды. Жауапты құрылыс бөлімшелеріне жұмыс қарқынын түсірмей, барлық өндірістік үдерістерді ұдайы қатаң бақылауда ұстау туралы нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, жиында кадр мәселесі мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытына да айрықша мән берілді. Осы орайда компания филиалдарының басшыларына Мақтаарал, Жетісай және Сарыағаш аудандарының әкімдіктерімен және халықты жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыс орната отырып, жергілікті тұрғындарды теміржол саласының мамандықтарына оқыту және оларды жаңадан ашылатын инфрақұрылым нысандарына жұмысқа орналастыру жұмыстарын жан-жақты жандандыру жүктелді. Аталмыш жоба толық іске қосылған соң шамамен 400 тұрақты жұмыс орны ашылып, бұл өңір тұрғындарын тұрақты табыспен қамтуға және салаға білікті кадрлар тартылуына жол ашады.
Еліміздің оңтүстік өңірінің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне зор серпін беретін бұл стратегиялық жобаның маңызы өте зор. Атап айтқанда, жаңа «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі Мақтаарал мен Жетісай аудандарын ҚТЖ-ның негізгі магистральдық желісімен тікелей байланыстырады. Нәтижесінде «Сарыағаш» шекара станциясына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызға азаймақ. Бұл өз кезегінде «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін едәуір арттырып, Қазақстанның оңтүстігіндегі көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлеуетін көтереді, өңірлік бизнестің дамуына және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды.
Сапар қорытындысы бойынша Б.Орынбасаров жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақты бақылауда ұстау жөніндегі міндеттердің орындалуын ерекше назарда ұстайтынын жеткізді.
