Ықылым заманнан бері әжелеріміз құрақ құрауды қасиетті өнер деп бағалаған. Түрлі мата қиындысын қиыстырып тігіп шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Көздің жауын алатындай етіп құралған көрпе төсекті үкідей үлбіреген қыздарын тұрмысқа берген сәтте бар махаббатын салып тігетін болған. Қазіргі күні де ұзатылған қыздың соңынан жасауын беру ерекше маңызға ие. Дегенмен, бұрынғыдай үйде көрпе тігіліп, құрақ құрала бермейді. Осы ретте оны дайын тауар ретінде ұсынып отырған кәсіпкерлер аз емес.
Шымкент қаласында қыз жасауын кәсіпке айналдыра отырып, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған азаматтар жеткілікті. Солардың бірі — Динара Мырзабекқызы. Бұл кәсіпті ол 2020 жылы кездейсоқ бастаған. Бала кезінен іс тігіп, тоқыма тоқып көрмеген Динара ата-анасының ісін жалғастыруға мәжбүр болған. Бүгінде ол білек сыбана кіріскен жұмыстың нәтижесін көріп отыр.
«Менің әкем Мырзабек Әбжанұлы мен анам Эльмира Тортайқызы өмір бойы саудамен айналысқан жандар. Мұндай кәсіпті бастаймыз деп әсте ойламаған. Қыз жасауын тігумен айналысып, бірақ әбден қарызға батқан бір апай ата-анамнан көмек сұрап келеді. Сонда әкем көлігін сатып, оның қарызын жауып береді. Соның өтемі ретінде ол қыз жасауын тігуді үйрету керек болды. Осылайша, ата-анам жана істің көзін табуға кірісті. Алайда 2020 жылы карантин жарияланып, елдің бәрі үйінде отырып қалды, көбі ковидпен ауырды. Бұл ауру менің де ата- анамды айналып өтпеді. Содан бұл жұмыс тоқтап қалды. «Енді не істейміз? Қайтпек керек?» деп бас қатыруға уақыт болмады. Бауырларыммен бірлесіп жүргізе бастадық. Басында дым білмейміз. Аппараттармен қалай жұмыс істеуді түсінбейміз. Бірақ басқа түскен соң амалын табады екенсің. Уақыт өте келе ешқандай оқусыз-ақ бәрін меңгеріп алдым. Алғашында десте- десте көрпелердің ортасында анам екеуіміз-ақ қалып кеткен күндер болған. Шүкір, қазір қатарымыз ісмерлермен толықты», — дейді Динара.
Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі-ұсынақтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі.
Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Матаның қат кезінде қолда бар мүмкіндік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлысы ма, әле оюсызы ма, гүлдісі ме, жоқ па, түктісі керек пе, түксізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары – қасына тау ғып үйіп қойып қалауынша пайдаланып, көрпені құбылта құрауда.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қыз жасауын дайындауда аппараттардың тигізетін көмегі мол. Ол уақыт жағынан үнемді және тігістері біркелкі шығады. Мәселен, көрпені қолмен қабып отырмайды. Оны арнайы аппарат ою сала отырып тігіп береді. Ал ою-өрнектерді лазер аппаратының көмегімен жасайды. Алдымен компьютерде ою салынады, мұнан соң лазермен ойылады. Ал оверлог жан-жағын тігеді.
Қазір бұл кәсіппен бүкіл отбасы айналысып отыр. Күйеу балаларына дейін көмегін тигізеді. Тіпті құдашасы Баян да жарнамаға үлесін қосып, әлеуметтік желілерде таргет арқылы клиент жинауда. Бұдан бөлек тағы он адамды жұмыспен қамтыған. Арасында ата-анасына салмақ болмайын деп нәпақасын тауып жүрген пысық студент қыздар да бар. Жұмыс кесетесі таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін. Түнгі ауысымда қосымша жұмыс ретінде келіп істейтіндер де бар.
Құрақ құрайтын қыз келіншектер үйінде отырып-ақ тігіс тігіп отыр. Әр дана құрақтың мөлшеріне қарай бағасы да бар.
«Мәселен, әр дана құрақты 75 теңгеге тігіп береді. Бір көрпешеге өлшеміне қарай 96 дана кетеді. Ішіне 4-4,5 келі мақта салынады. Осылайша бір 3D көрпешесінің бағасы 16 мың теңгеге бағаланады. 3D көрпешеде оюдың ішіне паралон салынып, астарына мата қабыстырып тігіледі. Этнобелгілер: аңдар, шаңырақ, сырғаның бейнелері болады. Бұдан бөлек, мозайка, ши құрақ, погон құрақ, тамбур құрақтар құралады. Соңғысында матаны беті оюланбай, керісінше кестеленеді. Осы айтылғандардың барлығы да сұранысқа ие. Клиенттің ұнатқанына байланысты», дейді кәсіпкер.
Динараның анасы Эльмира Құдабай — 53 жаста. Ол бұл кәсіпті одан әрі дамытуды көздейді. Оның айтуынша, құрақ құрайтын адамның қиялы ұшқыр болады. Басқа да қым-қуыт ойлардан бойыңды аулақ ұстайсың. Оған қоса, олардың қолынан шыққан әрбір көрпе-төсек үйдің ішіне сән беріп, көңіліңді марқайтады.
«Мен сауданың көзін тапқан адаммын. Тоқымашылық та өнерім бар. Қыз жасауын тігуді ойда-жоқта бастап кеттік. Кәсібіміз жүріп жатыр. Ковидпен ауырған соң денсаулығым аздап сыр бере бастады. Бірақ жақсы ой мен күнделікті қимыл-қозғалыстың арқасында бәрін ұмытасың. Тігіншілер таңнан кешке дейін жұмыс істеп, айлық алады. Ал тапсырыс көп болған кезде сегіз сағаттан артық жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленеді. Олар несібелеріне қарай айына 250-300 мыңға дейін табыс табады», — дейді Эльмира апай.
Қазір қыз жасауына тек Шымкент пен Түркістан облысының ғана емес, басқа өңірлерден де сұраныс көп. Мәселен, Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Аягөз, Қызылорда мен Қарағандыдан тапсырыс түседі. Көрпе төсекті тек қыздың артынан апару үшін ғана емес, жаңа үйге кіргендер, сүндет той жасап жатқандар мен үйіндегі төсегін жаңартып алушылар алады.
Үйлену кезінде қалыңдық өзімен бірге жасау алып келеді. Қазақтың қалыңдығына берілген міндетті заттар: үлкен көрпелер (жымылғы көрпе), өрнектері бар көрпелер (ою көрпе), отыруға арналған көрпешелер (жер көрпе), жастықтар (көпшік), келіннің жеке көрпешесі, өлшемі 0,75-тен 0,75 метрге дейін, оған келіннің өзі ғана отыра алады, қонақтарға шай құю барысында сол көрпешеге отырып, шай құяды. Қалыңдық өзімен бірге көрпеше мен көрпелерді неғұрлым көп әкелсе, оның мәртебесі соғұрлым жоғары болады.
Динараның цехында қыздың жасауы 150 мыңнан 300 мыңға дейін барады. Ол мақтаның салмағына, матасына, ою өрнектеріне, көрпе төсектің санына қарай есептелінеді. Тапсырыс бір аптаның ішінде орындалады. Айталық қыз жасауының құрамына: 6 көрпеше, 6 көрпе, 4 жастық, махаббат көрпесі екі жастығымен, құда-құдағи көрпесі кіреді.
Динараның негізгі мамандығы — дефектолог. Ол Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Тұрмыс құрған. Үш баласы бар. Қазір декереттік демалыста. Бұл кәсіпті осы бала тәрбиесімен айналысып отырған сәтте дөңгелетіп әкеткен. Алдағы уақытта негізі мамандығы мен сүйікті кәсібін қатар алып жүруді көздеп отыр. Ал болашақта үлкен дүкен ашу мақсаты тұр.
Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Оған жастардың қызығушылығы да жоғары. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау сан қырлы идеялармен жаңара жетіліп жалғаса түседі деуге болады.
Қазақ ұғымында құрақ көрпеше тапқаны құралсын, бір дүниесі екеу болсын, өсіп өнсін, көбейсін деген мағынаны білдіреді. Осындай ырыммен тұрмыс құрған қызға жасауын дайындаған. Олай болса, қазақтың әр қызының бағы ашылсын. Ұлттық қолөнеріміз, ұлттық болмысымыз жоғалмасын.