26/11/2024

ҚЫЗЖІБЕК ҚАНДАСТАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНДА ШАШТАРАЗ МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРДІ

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында 15 отбасыдан 41 адам қызмет алуда, — деп хабарлайды Narkesken сайтының тілшісі.

Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында қызмет алып жатқандардың бірі — Қызжібек Ергешова. Ол Шымкент қаласына Өзбекстаннан қоныс аударған. Оның екі баласымен бірге қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығын паналағанына үш айға жуықтап қалды.

«Қандастар орталығына келгенімізге үш айға жуықтады. Осында келіп, тиісті жеке құжаттарымызды тапсырдық. Біздің азаматтығымыз бір айда шығып, қандас куәлігін алып, осында келдік. Бізге арнайы бөлме беріп, барынша жағдаймызды жасап берді», — дейді Қ.Ергешова.

Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында қандастарды кіші кәсіптік мамандықтарға оқытуға Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ мен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ арасында орталықта қызмет алушы қандастарды оқытуға ынтымақтастық меморандумы жасалған.

Орталықта қызмет алушы қандасымыз Ергешова Қызжібек «Шаштараз» кіші кәсіптік мамандығына оқып, куәлігін алған.

Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсетіледі.

Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығының директоры Бақытжан Сұлтанбектің айтуынша, елге қоныс аударғандар осы орталықта жарты жыл бойы тегін тұрады. Сонымен қатар оларға бірқатар қызметтер көрсетіледі.

«Оларға: ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсынылады; мемлекеттік тілді, қалауы бойынша орыс тілін үйретеді; Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін, заңнамалық негіздерге және шағын бизнес ашу курстарын өткізу; әртүрлі мәдени шаралар өткізіледі; құқықтық көмек көрсетіледі (кеңестер, консультациялар және тіркелуге көмектесу, оралмандардың көшіп келу квотасына енуге, азаматтық алуға, әлеуметтік жәрдемақылар алуға өтініштер беруге); аударма бойынша қызмет ұсынылады; жұмысқа орналастыруда, кәсіби даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсетіледі; тегін медициналық көмек беріліп, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдеседі, сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне де қол ұшын созады. Ал олардың балалары тегін үйірмелерге қатысады», — дейді орталық директоры.

Қандастар үшін арнайы асхана, демалатын бөлме және арнайы оқу бөлмесі бар. Олар  аспаз, кондитер, есеп және аудит, электрик, тігінші, газэлектродәнекерлеуші мамандықтарына оқытылады. Бұдан бөлек, қазақ және орыс тілдері, ҚР Заңнамасы, ҚР тарихы, этно-педагогика (әдет-ғұрып), халық педагогикасындағы отбасылық тәрбие сынды дәрістер өткізіледі.

Орталық Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Абай даңғылы №3Г үйде орналасқан.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар