Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасы тәрбиесін нығайту, қазіргі қоғамдағы ақпараттық толқынның әсері және жас буынға дұрыс бағдар беру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл бағыттар елдің рухани дамуы мен тұрақтылығына тікелей әсер ететіндіктен, Президент саясатының негізгі тіректері болып табылады.
Осыған орай, бүгін Созақ ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында белгілі журналист, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы, әжелер алқасының жетекшілері, ауыл ақсақалдары, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп психологтары мен аудан жастары қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы ашты.
Сәуле Мешітбайқызы өз баяндамасында ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасы тәрбиесін күшейту, қазіргі қоғамдағы ақпараттық толқынның әсері және жас буынға дұрыс бағдар беру мәселелерін жан-жақты талқылады. Ол отбасы құндылығы ұлттың негізі екенін, бала тәрбиесінде ата-ананың, ұстаздың және қоғамның рөлі қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
Қазіргі таңда жастардың ақпарат көздеріне тәуелділігі артып, санасына түрлі ықпалдардың әсер етіп отырғаны жайлы да сөз қозғалды. Осыған байланысты, жас буынның ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, шынайы құндылықтарды тануына жол ашу баршаның ортақ міндеті екені айтылды. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың негізгі тетіктерін сөз ете отырып, елдің ертеңі білімді, саналы, адамгершілігі биік ұрпақтың қолында екені ерекше атап өтілді.
Ауыл қариялары мен қатысушылар да пікірлерімен бөлісіп, тәрбие мәселесі, ұрпақтар сабақтастығы, рухани тазалық пен адамгершілік ұстанымдарды күшейту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
«Шұғылалы таң» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Дана Орманова мектеп қабырғасындағы психолог мамандарының рөліне ерекше тоқталды. Ұстаздар мен психологтардың жасөспірімдердің мінез-құлқын қалыптастыруда, қиындықтарды еңсеруде және олардың ішкі жан дүниесін түсінуде атқаратын міндеті орасан екенін атап өтті.
Кездесуден соң қатысушылар елдік мүддені көздеген әңгімелерден ерекше әсер алған алғандарын, талқыланған тақырыптардың өзектілігі мен тағылымы мол болғанын айтты. Рухани тәрбие, ұлттық болмыс, адалдық тақырыптарындағы ойлар көпшіліктің көңіл төрінен орын алды. Бұл кездесу жастардың саналы азамат болып қалыптасуына, отбасылық құндылықтарды бағалауына және қоғамдағы жағымды өзгерістерге белсенді атсалысуына ықпал ететін маңызды қадам болды. Сәуле Мешітбайқызының айтқандары, әсіресе, жас ұрпақтың ақпараттық сауаттылығын арттыру және олардың рухани әлемін байыту жолындағы маңызды бағыттарды айқындап берді. Келешекте мұндай кездесулердің жиі ұйымдастырылуы, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге, ұлттық сананы нығайтуға және елдің тұрақты дамуына үлес қосуға септігін тигізетіні сөзсіз.
