САЙРАМДЫҚТАР «МЫҢ БАЛА» БАЙҚАУЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУДЕ ҮЗДІК АТАНДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі табысты өтті. Бұл шара өзге этнос өкілдерінің балалары арасында мемлекеттік тіл – қазақ тілін насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды. Байқау қорытындысы бойынша Сайрам ауданының оқушылары қазақ тілін терең меңгерудегі белсенділігі мен дарындылығын көрсетіп, бірнеше жүлделі орындарға ие болды.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған бұл байқаудың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау, мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше қызығушылық танытқан жас ұрпақты, түрлі этностық топтардың жастарын ынталандыру арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту.

Байқауға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының мүшелері, сондай-ақ, жас өнерпаздар мен ұстаздар қатысты.

Ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.

Байқау екі негізгі бағыт бойынша өтті:

«Ана тілім – арым  бұл» номинацияда қатысушылар қазақ тілінде мәнерлеп өлең оқу сайысына түсті.

«Өнерлі өрге жүзер» – бұл номинацияда жас таланттар өздерінің шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Әділқазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық мәдениетін, сөйлеу мәнерін, мәтіннің мазмұны мен көркемдік құрылымын, сахнада өзін-өзі ұстауын және актерлік шеберлігін жоғары бағалады.

«Ана тілім – арым» номинациясы бойынша Сайрам ауданындағы Далабазар жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Зиёда Ирисматова І орынға ие болды.

Ал, Сайрам ауданындағы С. Киров атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Малика Абдикаримова «Өнерлі өрге жүзер» байқауы бойынша ІІІ орынды иеленді.

Абай Құнанбаевтың «Қара сөздерін» мәнерлеп оқу челленджі қорытындысы бойынша аудандағы Далабазар жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Нематжанова Яйрахонның өнері І орынға,  №75 негізгі орта мектебінің 8-сынып оқушысы Сартаев Шохдиёрдың өнері ІІ орынға лайық деп танылды.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы мен облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хаттарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапаттаулар жас ұрпақтың мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға ықпал ететіні сөзсіз. «Мың бала» жобасының бұл кезеңі Түркістан облысындағы этносаралық келісім мен қазақ тілінің мәртебесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар